Еркекке қалай үй жинатуға болады?

Еркекке қалай үй жинатуға болады?
Қалыптасқан қағида: "Отбасында қазан-ошақ тірлігін әйел атқаруы керек". Заманның заңы сол, бұл күні ер адам да қолына ожау алып үй тірлігін атқарады. Бұл күнделікті көрініске айналып та кетті. Дегенмен, еркектердің үй шаруасына нақты іс ретінде қарамайтыны рас. 

Әйел мен еркек. Кім қалай үй жинайды?

Үй шаруасына деген көзқарасты ғалымдар ми құрылысымен түсіндіреді. Әйелдер еркектерге қарағанда барынша кең ойлайды, бірнеше мәселені бір уақытта ойлай алады, ал еркектер нақты ойлауға дағдыланған. Бір бағытта ғана ойланып, берілген істі тап-тұйнақтай қылып атқару мүмкіндігіне ие. Әйел қашанда отбасы ұйтқысы болған, жанұяның ырысы өзімнің қолымда деп есептеген. Сондықтан да үнемі үйдің мұнтаздай таза болып тұрғанын қадағалайды, тамақ ішіп болған соң, дереу ыдыстарды жуып, шашылып жатқан заттарды орын-орнына қойып отыруға еті үйренген. Ал еркек керісінше, үйде көп болмаған соң, үйдің тазалығына мән бере бермейді.  Әйел үшін үй жинау аса қиын іс емес. Оның күнде істеп жүрген әрекеттерінің бірі ғана. Ал еркек үй жинауға кірісу үшін кәдімгідей қажырды қажет етеді. 


Еркекке қалай үй жинатуға болады?

Ер адамдардың үй тірлігіне икемі бола бермейді дедік. Дегенмен, ер адамның не нәрсені болса да, әйелден асырып істейтінін ескерсек, ер адамның үйді әйелден де таза қылып  жинай алатынын мойындауымыз керек. Біле білсеңіз, әлемдегі ең мықты аспазшылар - еркектер. Ол үшін ең алдымен әйелдер өздерінен бастауы керек. Яғни, әйел үйді тап-таза қылып жинап жүруді әдетке айналдырса, ер де әйелге қарай бағытталады. "Әйел - мойын, еркек - бас". Еріңізді үй жұмысына біртіндеп тартыңыз. Егер еріңіз киімін шашып тастай беретін болса, сол киімге арнайы орын дайындаңыз да, күйеуіңізден әдепті түрде киімін сол жерге қоюын өтініңіз. 

Отбасында ер мен әйелге деп тең бөлінетін шаруа болмау керек. Ерлер қалыптасқан стереотиптер туралы ұмыту керек. Ал әйелдердің еркектерін жиі-жиі мадақтап отырғаны дұрыс. 

Сурет: opyt-of-woman.com

Р. Роза