Ерте ортағасырлық мемлекеттер (VI-X ғғ.)

Ерте ортағасырлық мемлекеттер (VI-X ғғ.)

VI ғасырдың басында бүгінгі қазақ жерінде аса күрделі бетбұрыстар орын алды. Алтай, Сібір, Монғолия жерінде түрік тайпаларының үстем тап өкілдері бірігіп, күшті әскер күшіне сүйенген Түрік қағанаты атты феодалдық мемлекет құрылды.

Түрік қағанатының жері Солтүстік Моңғолиядан бастап Шығыс Еуропаға дейінгі өңірге дейін созылып, қоныс өрісі Әмудәрияның жоғарғы ағысына дейін жетеді.  Қазақстан да осы қағандықтың құрамына кірді. Бұл мемлекет туралы жазба деректер  Түрік империясының өз тілінде VII-VIII ғасырларда жазылған Орхон-Енисей жазбалары арқылы белгілі. Бұл ескерткіштер түркілер мекендеген Енисей өзенінің бойы мен қазіргі Моңғолия жеріндегі  Орхон өзені маңайынан табылғандықтан “Орхон-Енисей” жазуы деп аталып кеткен. Ескерткіштер – VII-VIII ғасырлардағы түркі ру-тайпаларының іргелі елі Түрік қағандығының тұсында Білге қаған, Күлтегін (әскер басы), Тоныкөк (ақылшы, кеңесші) сияқты атақты адамдарға арнап тұрғызылған құлыптастағы жазулар.

Алғаш рет түрік атауы 542 жылы қытай жазбаларында кездеседі.  Түрік атауы моңғолша тау сияқты дулыға дегенді білдіреді, кейде, түрік атауы ақсүйектер деген мағынада да қолданылады. Ал қытайлар түріктерді сюннулердің (ғұндардың) ұрпақтары деп санаған.

Түріктер 546 жылы Алтайды мекендеген теле /тирек/ тайпасын жеңіп, олардың 50 мыңнан астам әскерін тұтқынға алып, өз армиясына қосып алды. 552 жылы көктемде  түріктердің билеушісі Бумын өздерінің билеушісі аварларға (жуань-жуандарға) қарсы шығып, оларды ойсырата жеңіп, Түрік қағанатын құрады. Түрік ордасының алғашқы қағаны Бумын болды. Бумын қаған  553 ж. қаза табады. Оның мұрагері  Мұқан-қаған (553-572жж.) билік құрған жылдарда  Түрік қағанаты  Орта Азияда саяси үстемдікке ие болды. Олар маньчжуриядағы кидандарды, Енисейдегі қырғыздарды бағындырып, Солтүстік Қытай мемлекетінен алым-салық алып тұрды.

Бір тілде сөйлеген түркі халқының құрамында оғыз, қарлұқ, қырғыз, түргеш, ұйғыр, қыпшақ сияқты т.б. 30-дан астам ру-тайпалар біріккен.  Бұл тайпалар шығыстан батысқа қарай жылжып, қазіргі қазақ жеріндегі үйсін, қаңлы тайпаларымен бірігіп, оларды өздеріне сіңіріп жіберген.

Түріктер әуелгіде Орта Азияны өзіне бағындыруда Каспий теңізінен Солтүстік Үндістан мен Шығыс Түркістанға дейінгі жерлерге ие эфталиттерге қарсы Иранмен одақ құрып, 587 ж. Бұхара түбінде оларды жеңеді. Тохаристан облысы Иран қарауына өтіп, Батыс түрік қағанаты мен Иранның саяси ықпал жасау аймағының шекарасы Амудария бойымен өтеді.

Түріктер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізіне баратын Жібек жолына иелік ету жорықтарын бастап Иранға қарсы Византиямен одақтасты. 571 жылы түріктердің әскери қолбасшысы  Естеми Солтүстік Кавказды басып алып, Керчь шығанағына (Боспорға) шығып, 576 жылы Қырым жеріне енеді. Бірақ Естеми өлгеннен кейін, қағанат ішінде билік үшін қырқыс басталды. Өзара қырқыс пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретіп, 588 жылы Герат түбінде түріктер Ираннан жеңіліс тапса, 590 жылы Византия Боспорды қайта жаулап алады. 581-618 жылдары Солтүстік Қытайдың  қағанат шекараларына шабуыл жасауы қағанатты одан бетер әлсірете түсіп, Түрік қағанатындағы саяси күйзеліс ақырында 603 ж.  қағанаттың екіге - Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуімен аяқталады.

Батыс түрік  қағанаттың астанасы Жетісу жеріндегі Суяб қаласында (қазіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде), ал жазғы орталығы Мыңбұлақта (Түркістан төңірегі) болды. Батыс түрік қағанаты ежелгі үйсін жерін жайлап, Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді өздеріне қаратты. Сонымен қатар ол Шығыс түрік қағанатының Шығыс Түркістан  және Орта Азияның Самарқанд, Бұқара тағы басқа қалаларын басып алды. Осы қалаларда қағанның орынбасарлары отырды.

Батыс түрік мемлекетінің бірінші басшысы – қаған жоғарғы билеуші, бүкіл жердің иесі болды. Жоғарғы лауазымдар – жабғы, шад және елтебер қаған әулетінен шыққандарға берілді. Сот қызметтерін бұйрықтар мен тархандар атқарды. Негізгі еңбекші халық  – “қара бұдын” (қара халық) деп аталды. Жегуй қаған  (610-618 жж.) мен оның інісі -  Түн-жабғы қаған (618-630 жж.) билеген кезде қағанаттың күш-қуаты арта түсті. Тохарстан мен Ауғанстанға жасаған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солтүстік-батысына дейін кеңейтеді. Батыс түрік қағанаты мал және егін шаруашылығымен шұғылданды. Қалаларда сауда-саттық кеңінен өрістеді.

VII ғасырдың ортасына қарай он алты жылға (640-657) созылған қағанат ішіндегі өзара тартыс, тайпалар арасындағы  соғыс қағанатты әлсіретеді. Осыны пайдаланған Таң империясы Жетісуды басып алып, онда таққа өз адамын отырғызады. Түріктер мен Таң империясы арасындағы үздіксіз соғыстардың нәтижесінде түргештер күшейіп VIII ғасырдың басында Жетісудағы билікті өз қолдарына алады.

Түргеш қағанаты 704-756 жылдар аралығында өмір сүрді. Қағанаттың негізін қалаушы Үшелік-қаған  болды. Қағандықтың территориясы Орта Азияның оңтүстік-шығысында Шаш (Ташкент) қаласынан Шығыс Түркістандағы Бесбалық, Турфан қалаларына дейінгі аралықты қамтыды. VI ғасырда Тянь-Шань таулы аймақтарында өмір сүрген түргештер VII ғасырда Жетісуға қоныс аударып, Батыс түрік қағанатының сол қанатының құрамына енген, халқы ең көп тайпа болған. Қағандық халқының этникалық құрамы негізінен сары және қара түргеш тайпаларынан тұрды. Жазба деректердің көрсетуі бойынша олар Шу, Талас, Іле бойларында өмір сүрген. Үшелік қаған өзінің негізгі тайпаларын екі Ордаға бөліп, басты орталығын Суяб қаласында, екінші ордасын  Іле аңғарындағы Күнгіт қаласында орналастырған. Батыс түрік қағандығының құрамында болған басқа да түрік тілдес тайпаларда түргештердің құрамына енген. Саяси әкімшілік билік қағандықтың ең жоғарғы билеушісі бас қағанның  қолында болды. Үшелік қаған қағанатты   20 әкімшілік аймақтарға бөліп, әр аймақта 7 мыңнан әскер ұстады.

706 ж. Үшелік қаған қайтыс болып, оның орнына баласы Сақал қаған (706-711 жж.) отырды. Сақал қаған тұсында мемлекет ішінде бірлік болмай қаған билігі үшін сары және қара түргеш тайпаларының арасында талас-тартыс басталды. Оның үстіне қағанатқа батыстан арабтар, оңтүстіктен қытайдың Таң империясы, шығыстан Орталық Азия түріктері қауіп төндірді. Ішкі тартыстардың барысында қара түргештер жеңіске жетіп, олардың көсемі Сұлу-қаған (715-738 ж.ж.) билікке келеді. Оның тұсында Түргеш қағанаты күшейіп, нығайды. Мемлекет астанасы  Талас (Тараз) қаласына ауысады. Сұлу қаған мемлекет ішінде тыныштық орнатып, бар күшті батыстағы арабтарға қарсы жұмылдыруға мүмкіндік алады. 723 жылы түргештер Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен бірігіп арабтарға күйрете соққы берді. Бірақта арабтар 732 жылы түргештерді ығыстырып, Бұхара қаласын басып алады. 737 жылы Сұлу қаған арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып Тохарыстанға дейін жетті, бірақ көп ұзамай жеңіліп, қайтар жолында өзінің қолбасшыларының бірінің қолынан қаза табады. Сұлудың орнына оның баласы  Тұқарсан  Құтшар қаған болды. Оның тұсында қағанат ішінде сары және қара түргештер арасында билік үшін 20 жылға созылған ұзақ күрес басталып, қағандықтың саяси және экономикалық жағдайы мүлдем әлсірейді.

Осы алауыздық кезінде Жетісуға Алтайдан қарлұқ тайпалары көшіп келіп қоныстана бастайды. Түргештер қарлұқтарға лайықты қарсылық көрсете алмады.  Осы жағдайды  пайдаланған Қытай империясының Шығыс Түркістандағы билеушісі 748 жылы Суяб қаласын басып алып, содан кейін Шаш қаласының билеушісін жазаға тартады.  Оның баласы көмек сұрап, арабтарға барады. 751 ж. Тараз жанындағы Атлах қаласы түбінде Зияд-ибн-Салық бастаған араб  әскері мен  Гао Сяньжи басқарған қытай әскерлері арасында 5 күнге созылған үлкен шайқас болды. Шешуші сәтте қарлұқтар арабтар жағына шығып, қытай әскерлері ауыр жеңіліске ұшырады. Қытай әскері Жетісуды ғана емес,  Шығыс Түркістан жерін де тастап өз иеліктеріне кетуге мәжбүр болды. Сондай-ақ арабтар да Талас өңірінде тұрақтай алмай Шаш қаласына шегінді. Осыған қарамастан іштей әлсіреген Түргеш қағанаты қайтадан қалпына келмей, 756 ж. қарлұқ тайпаларының қысымына шыдамай, біржола құлайды. Осыдан кейін бұрынғы Батыс түрік қағанатының орнына төрт мемлекет: Төменгі Поволжье мен Солтүстік Кавказ жеріндегі  Хазар қағанаты,  Сырдың орта және төменгі ағысы мен Арал өңірінде Оғыз мемлекеті, Қазақстанның Солтүстік, орталық, шығыс аймақтарында Қимақ мемлекеті, Жетісу жерінде Қарлұқ мемлекеті пайда болды.

Қарлұқ қағанаты (756-940 ж.ж.). Қарлұқтар туралы алғашқы деректер V ғасырда олардың тирек  тайпаларының құрамында болғандығын айтады. Қарлұқ туралы алғашқы дерек “суй әулетінің тарихында” 581-618 жылдары кездеседі. Онда қарлұқтар өздерінің басты руының атымен бұлақ (було) деп аталған. Қарлұқ  тайпаларының әуелгі орналасқан аймағы – Батыс Алтай мен Тарбағатай арасындағы өлке.

VII ғ. орта кезінде қарлұқ бірлестігінің құрамына ірі-ірі үш  тайпа – бұлақ, шігіл және ташлық кірген. Әмудәриядан бастап Қытайға дейінгі түріктердің барлығын шігіл деп атаған. Олардың біразы  Таласқа жақын жерде Шігіл деп аталатын қалада тұрған. Шу аңғарында тұрған қарлұқ қоныстарының орталығы – Баласағұн қаласы. Қарлұқтардың біраз тобы Х ғасырда Іле аңғарында, Ыстықкөл мен Балқаш көлдерінің аралығында көшіп-қонып жүрген. Қарлұқтардың көсемдерін “жабғу” деп атаған. Олардың астанасы Қойлық қаласы болды.

ІХ ғасырдың аяғында қарлұқтардың жағдайы біршама нашарлады. Себебі Орта Азиядан саманидтер әулеті мен арабтардың шабуылы жиілейді. Сөйтіп, саманидтер мен қарлұқ қағандығының арасында  Оңтүстік Қазақстан жері үшін ұзақ жылдарға созылған күрес басталды. 893 жылы  Тараз қаласына Саманидтердің тегеурінді шапқыншылығы жасалды. Саманидтер Испиджаб, Тараз қалаларына өз ықпалын күшейтіп, мұсылман дінін енгізе бастады.  Х ғасырдың басында Қарлұқ қағанатының жағдайы ішкі қырқыс, талас-тартыстардың нәтижесінде әлсіреді. Осы жағдайды пайдаланған Қашғар жеріндегі түрік тілдес тайпалар  940 жылы Баласағұн, Испиджаб қалаларын басып алады да, Қарлұқ мемлекеті құлап, Шу аңғарында Қарахандар әулетінің үстемдігі орнайды.

Оғыз мемлекеті (Х-ХІ ғғ.).  Қарлұқ қағанатының солтүстік-батыс жағында, Сырдарияның орта және төменгі бойында, оған жалғасып жатқан Батыс Қазақстан далаларында ІХ-Х ғасырларда  Оғыз тайпаларының ежелгі феодалдық мемлекеті қалыптасты. Әйгілі М.Қашқаридің сөздігі “Диуани-лұғат-ат-түрік” бойынша Оңтүстік Қазақстанның жерінде, әсіресе Ыстықкөл мен Шудың орта бойында қырғыз, қыпшақ, оғыз, иағма, чігіл, имек сияқты түрік тілдес тайпалардың қатар өмір сүргендігі белгілі. Осыған қарағанда оғыздардың алғашқы отаны  Жетісу болғандығына күмән жоқ. Алайда ҮІІІ ғ. екінші жартысынан бастап қарлұқ тайпаларының күшеюіне байланысты оғыздар Сырдарияның орта және төменгі бойына ауа бастаған. Сөйтіп ІХ ғ. аяғында осы аймақта оғыз тайпаларының бірлескен одағының нәтижесінде партиархалды-феодалдық  мемлекет құрылады. М. Қашқари оғыз елінің 22, кейбір деректерде 24 тайпаға бөлінгенін жазады.

Х ғасырда Оғыз мемлекетінің астанасы – Янгикент немесе «Жаңа гузия» деп аталатын қаласы болған.Оғыз мемлекеті өзінің саяси және әлеуметтік құрылысы жағынан көне феодалдық мемлекет болды.  “Жабғу” атағы бар жоғарғы билеуші Оғыз мемлекетінің басшысы болып саналды.  Оғыз жабғыларының орынбасарларын күл-еркін деп атаған. Жабғы мемлекетінде оғыз әскерлерінің бас қолбасшысы “сюбашы” деп аталды. Х ғ. аяғы мен ХІ ғ. бас кезінде Оғыз жабғысының мемлекетінде алым-салықты тиянақты түрде жинап отыру жүйесі қалыптасқан, бұл жағдай мемлекетте тұрақты басқару аппаратының құрылғандығын көрсетеді.

Х ғ. аяғында орыс деректерінде оғыздардың 965 ж. Киев князі Святославпен одақтасып хазарларды және  князь Владимир 985 ж.  оғыздарымен келісе отырып,  Еділ, Кама бойындағы бұлғарларды талқандағаны туралы айтылады.  Оғыздардың жер үшін жүргізген  ұрыстарының көп жағдайда сәтті болуы, олардың саяси беделін де көтере түскен. Алайда, ұзақ жылдарға созылған соғыс, халықтан көп мөлшерде алынған алым-салық оғыз тайпаларының  әр жерде бас көтерген наразылықтарын туғызады. Осы кезде Жент қаласының маңына келіп қоныстанған селжұқтар көсемі Жент қаласындағы оғыз билеушілеріне қарсы көтерілісті бастап, қаланы басып алады. Деректерге қарағанда селжүқтар көп ұзамай қаланы тастап шыққан. Осы кезде ел басына Әлиханның мұрагері Шахмәлік келіп, мемлекет едәуір күшейіп, 1041 жылы Хорезмді жаулап алады. Бірақ Шахмәлік көп ұзамай оғыздарға қарсы қайта көтерілген селжұқтардың қолынан Хорезм түбінде қаза болады. Селжұқтармен жүргізілген көп жылғы соғыстар оғыз мемлекетін қатты әлсіретті.  Сөйтіп, ХІ ғ. екінші жартысында күшейе бастаған  қыпшақтар оғыздарды Сырдария, Арал бойынан біржола ығыстырады. Оғыздардың бір бөлігі Европаның Шығысына, Кіші Азияға қарай жылжыса, кейбір бөліктері Қарахан әулетінің қарамағында қалды, біраз бөлігі Хорасан  селжұқтарының қол астына кірсе,  қалғандары қыпшақтардың құрамында қалып,  олармен сіңісіп кетті. Оғыз тайпалары қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, түрікмен, өзбек,  қарақалпақ халықтарын қалыптастырушы түріктердің бірі болды.

 

көрнекі сурет tatarkam.livejournal.com сайтынан алынды

Ж. FM