Мата туралы не нәрсені білуіңіз керек?

Мата туралы не нәрсені білуіңіз керек?

Киім алуға барғанда оның сән үлгісіне айрықша мән бергенімізбен, матасына көңіл бөле бермейміз. "Сұлуынан жылуы" демекші, осы материалды оқыған соң, киімнің матасы туралы ойланатыныңыз сөзсіз.

Атлас


Жақсы жағы:

Атлас - барлық мерзімнің классикасы. Ол ацетаттан жасалғандықтан, денеде әдемі тұрады. 

Нашар жағы:

Атластың күтімі оңай емес. Оның түсін сақтаймын десеңіз, тек қана қолмен, жылы суда мұқият жуғаныңыз жөн. Атласты кептіру де ыждаһаттылықты талап етеді. 

Ең ыңғайлы атлас - полиэстер атласы мен атлас эффектісі бар трикотаж матасы болып есептеледі.

Мақта


Жақсы жағы

Бұл барынша төзімді мата (батистен басқасы). Бағасы қымбат емес әрі бояуға ыңғайлы. Бірнеше рет жуған соң да, түсі оңып кетпейді. Ыстық жаз күнінде ылғалтартқыш мақтадан тігілген киіммен жүрген дұрыс.

Нашар жағы

Мақтадан тігілген киімдерді үтіктеу қиын. 

Шифон


Жақсы жағы

Шифон  әрі жұқа әрі берік материал. Кеудешелер мен көйлектерді шифоннан тіккен дұрыс. Оңай жиырылып,  оңай боялады. Өзі де нәзік көрінеді. 

Мақтадан істелген шифонды балалардың іш киімі мен жазғы сарафандарға қолданған жөн. Нейлон және полиэстер шифоны оңай жиырылуының арқасында етектер мен көйлектерді тігу үшін әдемі нұсқа. Мақтадан істелген шифонды жуу да, тігу де, үтіктеу де қиын емес, денені демалдырып, теріге ауа береді.

Нашар жағы

Жібектен жасалған шифон тігуге ыңғайсыз, сөгіліп кете береді. Егер кәсіби тігінші болмасаңыз, оны тігуден бас тартыңыз.

Жібек


Жақсы жағы

Сапалы жібек берік, созылмалы, икемді материал әрі ұзаққа шыдайды. Жібектен жасалған киімдер күн көзіне төзімді. Бұл матадан тігілген іш көйлектер денені терлетпейді. Жібек Ежелгі Қытайда аса бағалы мата болғандықтан, одан тігілген киімдерді билік басындағы адамдар киген.

Нашар жағы

Жуған соң, табиғи жібек тез оңып кетеді. Жібектен жасалған киімдерді химиялық тазартқышқа берген жөн. 

Зығыр


Жақсы жағы

Зығыр берік материал болған соң, одан кеудешелерді де, жакеттерді де тігуге болады. Және зығырдың ұзаққа шыдайтын қасиеті бар.

Нашар жағы

Зығырды үтіктеу қиын әрі түсі тез оңады. Оның шеті тез сөгіліп кетеді, сондықтан зығырдан тігілген киімді сатып алғанда шеттерін мұқият тексеріп алыңыз. 

Автор: Шаттық Ақтау

Сурет: lubimoe-delo.ru, asia.ru,hafla.name,epochtimes.ru, helga.pro, vologda.olx.ru


Р. Роза