"Аида" операсы - Көне Мысырдағы оқиға

"Аида" операсы - Көне Мысырдағы оқиға

«Аида» операсы - қарама-қайшылықтарға толы драма. Оқиға Мемфис пен Фивы жерінде фараон әмірлігі заманында өтеді.  Операда Мысыр әскербасы Радамес пен Эфиопия патшасының қызы, мысырдың күңі Аида арасындағы ұлы махаббат баяндалады. Көне Мысыр абыздарының образында Верди дін жақтаушыларын көрді. Бұл күштерге Аида мен Радамес өз табандылығымен қарсы тұрады. Олардың бір-біріне деген сезімдері барлық қиындықтарға, тіпті өлім алдында да төтеп береді. Опера мазмұны гуманистік ой-пікірлерге толы, адамгершілік сезімдердің ұраны ретінде шырқалады.


1868 жылы Суэц арнасының ашылу қарсаңында мысыр елінің басшылығы Вердиге ұлттық нақыштағы опера жазуға ұсыныс жасайды.  Бұл операның тұсау кесу кеші Каирдегі театрдың ашылу салтанатына жоспарланған. Алайда, Верди бұл ұсыныстан бас тартады.


1870 жылы «Аида» сценарийін көрген Верди қызығушылық танытып, опера жазуды қолға алады. Сценарий авторы белгілі француз мысыршысы О.Э.Мариетт. Оның бұл шығарма жазуына Ежелгі Мысыр фараондарының Нубия (Эфиопия) еліне қарсы әрекеттері туралы аңыз арқау болды.

Операның прозалық мәтінін жазған француз либреттошысы К. дю Локль (1832—1903), ал итальян тілінде өлеңмен өрнектеген А. Гисланцони (1824—1893). Верди Ежелгі Мысырдың мәдениеті мен тарихын зерттеп, сюжеттің жазылуына атсалысты.


«Аида» операсының тұсаукесері 1871 жылы 24 желтоқсанда Каир қаласында өтті. 1872 жылы 8 ақпанда Милан қаласында қойылды. Екі қаладағы қойылым үлкен табыспен өтті. «Аида» операсы әлемнің танымал сахналарында қойылады. Астана қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры мен Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет театры репертуарына енген бұл опера үлкен аншлагпен өтеді.

Суреттер psddesign.com және gatob.kz ғаламтор беттерінен алынған

Ғ. Ұзақ