Мен сұлумын! Немесе әйелдер нені қалайды?

Мен сұлумын! Немесе әйелдер нені қалайды?

Кеше редакциямыздың жігіттер қауымы бізді тығырыққа тіреді десек, артық айтылмаған болар.  Жігіттеріміздің оп-оңай сұрақтарға жауап таба алмай, тіл қатпай қалатындары қалай?

Әлбетте, редакциямыздағы қыздардың да бұған айтар жауаптары жоқ емес! Олай болса, кеттік...

1. Маған ешнәрсе айтқың келмей ме?
Естеріңізде бір қызық әңгіме сақтап жүру соншалықты қиын ба? Біз әңгіме-дүкеннің тақырыбына талғампаз емеспіз, тіпті, футбол не саясат жайлы тыңдауға дайынбыз. Осындай сәттерде бізге тек ортақ тақырып тауып, сөйлесу қажет болады. Әрине, қызыңыз жайлы қызық сәттерді еске алып, сөз қылсаңыз, тіптен жақсы.

2. Маған дейін қанша қызбен жүрдің?
«Алғашқы қызымсың» деп жағымпазданудың қажеті жоқ. «Өмірімдегі ең басты және ең қымбат адамым – сен», - десеңіздер де жеткілікті. Алайда, сұрақ қоюға құмар сүйіктіңіз расында алғашқы махаббатыңыз болса, шындық оны тек сүйсіндірмек.

3. Өміріңде біреуге ғашық болып көріп пе едің?
2-сұрақтың жауабын қараңыз.

4. Саған менің құрбым (әпке-сіңлім) ұнады ма?
Ұнаса – айтушы болмаңыз! Одан да, ғашығыңызға сен бәрінен де кереметсің, сенен басқа ешкімді де байқамаймын дегеніңіз жөн.

5. Балық аулауға (пикник, аң аулауға т.б.) кім-кім бардыңдар? Қыздар болды ма?
Шын көңілмен не істегеніңізді, ауа райы қандай болғанын, қандай балық аулағаныңызды айтып беріңіз, және онда қыздардың болмағанын ерекше атаңыз. Алайда, қыздардың болғандығын сүйіктіңіз біліп қойса (ал егер олар болса, ол міндетті түрде біліп алады), жеткен жеріңіз осы дей беріңіз. Ал мұндай сұрақтарды ұнатпайтын жігіттерге қызыңызды жиындарға бірге алуға кеңес береміз.

6. Көзіме шөп салдың ба?
Бұл сұрақ күдіксіз қойылмайтындардың қатарына жатады. Расында қыздың көзіне шөп салсаңыз, бұл жағдайды жасырамын деп ойламаңыз. Бірақ, осы сұрақ күнделікті қойылып, қызыңыз қызғаныштан тұншығып жатса, оған деген сезіміңіз  жайлы ойлануға кеңес береміз.

7. Анау жігітті қарашы, сымбатты екен, иә?
Ол сіздің қызғанышыңызды сынап, немесе сіз басқа қызға қарап, дәл осылай айтқаныңызға өкпелеп айтып отыр. Сұраққа сұрақпен жауап беріңіз: «Саған осындайлар ұнайды ма?», «Қай жері әдемі?» Жауап ретінде таныс емес сол жігітке деген мың комплимент естісеңіз, қызыңыз сіздің қызғанышыңызды тудырмақшы екенін біліңіз. Мұның бастауы сіздің бір дұрыс емес амалыңыз болғаны айдан анық шығар.

8. Өмірде нені қалайсың?
Әрине, әр қыздың бұл сұраққа жауап ретінде естігісі келетіні «Өмір- бақи сенімен болғым келеді, маған тұрмысқа шық» дей тұра, жоқ жерден пайдан болған неке сақинасы. ЕГЕР, қалтаңызда сақина табылмай, не онымен өмір бойы бірге болар-болмасыңызды әлі шешпесеңіз, жалпы өмірлік мақсаттарыңызды айтқаныңыз жөн: оқу, жұмыс, кәсіп және т.б.

9. Неге мені түсінбейсің...?
Өзінен қайта түсіндіруін сұрап, оны мұқият тыңдаңыз (немесе тыңдап отырғандай бола қалыңыз). Қызуғышылық танытып, оның айтқаны дұрыс екенін ерекше көрсетіңіз. Егер бұл сұрақ тым жиі қойылып жүрсе, ойланып көріңіз, мүмкін сіз оны шынында түсіне алмай жүрген боларсыз?

10. Есіңде ме, өткен аптада қара етігімді киіп едім ғой? Қара етік ше...?
«Әлгі етік пе?» десеңіз болды, ол әңгімені өзі әрі қарай жалғастырып кетеді. Арасында сол етіктің оған қатты жарасатындығы жайлы айтуды ұмытпаңыз.

11. Екеуміз көрген фильм есіңде ме, сонда Том Круз (мейлі кез келген басқа әртіс) ғашығына ... айтып еді ғой?
«Иә, иә, есімде, жақсы фильм еді... Оны тағы бір рет бірге көрейік.» - осы сұраққа мінсіз жауап. Ал ол фильмді қайта көруден қалай қашасыз, бөлек әңгіме.

12. Менің қандай қасиеттерім ұнайды?
«Бәрі» деген - жауап емес. Бізге нағыз комплимент айтуға болмайды ма? Бізді неліктен сүйетіңіздерді, жақсы жақтарымызды, мейірімділігімізді, нәзіктігімізді, адалдығымызды, ақылдылығымызды, қара көздерімізді, әдемі шашымызды, бұралған тұла бойымызды, мақпалдай терімізді, қамқор қолдарымызды, нәзік талғамымызды, аспаздық өнерімізді, білімділігімізді, сыпайылығымызды, тәрбиелілігімізді, әдептілігімізді, сыңғырлаған әдемі дауысымыз бен күлкімізді айтуға болар еді ғой!

P.S. Құрметті жігіттер! Осындай оп-оңай сұрақтарға жауап таба алмасаңыздар, қыздармен қарым-қатынастарыңыз не болмақ? Осы жауаптарды жаттап, жазып алыңыздар! Біздің еркелеп қойған сұрақтарымызға дұрыс жауап таба алсаңыздар, бізді бұл сүйсіндірері анық. Ал егер осындай сұрақтарға "Не? Қойшы, тіпті!" деп жауап қатсаңыздар, араларыңыздағы түсініспеушілік неге орын алған екен деп жүрмеңіздер. Иә, қыздардың логикасы сіздердікінен ерекше. Соны түсінуге ұмтылыңыздар!

Бұл тақырыптың пікірталасы мына жерде де өтіп жатыр.