Еліміздегі ең қымбат көліктердің ондығы

 Қазақстандағы ең қымбат темір тұлпарлардың тізімін құрастыру үшін Tengrinews.kz ақпараттық порталы "Колеса" сайтындағы барлық сатылатын көліктердің жарнамаларын ақтарып шығып, қарапайым халықтың қалтасы көтермейтін 10 үлгіні таңдаған. Бұл тізімге жаңа және қолда болған көліктер енген. Назарларыңызға сол көліктерді ұсынамыз.

Бұл тізімдегі ең қолжетімді көлік Ford GT спорт үлгісі. Көлік жаңа (2006 жылы құрастырылған) болмаса да, оның бағасы 290 мың АҚШ доллар шамасында.

2007 жылы Италия жерінде құрастырылған Ferrari-599 GTB-дің еліміздегі бағасы 310 мың доллар.

Британдық 2010 жылғы Bentley Continental тізімнің сегізінші тармағында орналасқан. Бұл премиум санаттағы көлік үшін қожайыны 349 888 долларды сұрап отыр.

Келесі үлгі де ағылшын көлік өндірушісінің өнімі - Rolls-Royce Phantom. Темір тұлпар 2005 жылы құрастырылса да, бағасы төмен емес – 350 мың.

Немістің Mercedes концерні де осы тізімге еніп, қымбат көлік дәрежесіне ие. Алтыншы орынға 2010 жылы шыққан S65 AMG темір тұлпары орналасып, бүгінгі таңда осы көлік 360 мың долларға бағаланып отыр.


Бесінші мен төртінші орынды екі бірдей Bentley Continental жеңіп алған. Екеуі де 2011 жылы зауыт конвейерінен шығып, нарыққа сатылымға шыққан. Бағалары сәйкесінше 367 мен 413 мың АҚШ доллар.

Үшінші орында әйгілі Ferrari Enzo. Италия авто өндірушінің өнімі 2011 жылы құрастырылып, 450 мың долларға бағаланып отыр.

Қымбат көліктер тізімінің екінші сатысында кезекті Bentley Continental орналасқан. Bentley Continental конвейерден 2010 жылы шыққанымен, бір де бір шақырым өтуге үлгермепті. Сондықтан оның бағасы 456 888 доллар. Бұл көлік әшекейлі бұйымдармен қапталып, премиум санаттағы аудио жүйемен жабдықталған.


Қазақстандағы ең қымбат көлік ретінде ЗИС-110Б Кеңес өкіметі заманында жарық көрген үлгісі танылады. Раритетті көлік 1947 жылы шығарылып, барлық бөлшектері түпнұсқа қалпында сақталған. 1947 жылы шыққан көлік үшін қожайыны жарты миллион доллар сұрап отыр. Раритетті көліктің бағасына оның өндірілген жылы мен саны әсер еткен көрінеді. Әлемде бұндай көліктің 20 данасы ғана бар.

Суреттер kolesa.kz сайтынан алынған