Форд тарихы

Форд тарихы

Адамдар күресуден бас тартып, жеңіліске ұшырайды.

Генри Форд

Генри Форд жұмысшыларына өзгелерге қарағанда көбірек жалақы төлеу арқылы байыған кісі. Фордтың күллі әлем мойындаған елеулі еңбегі біреу: Ол - автомобиль бизнесінің негізін қалаушы. 

 Өмірбаяны

 Генри Форд 1863 жылы жаңа технология сәулесін енді шашып келе жатқан заманда дүниеге  келді. Қарабайыр  ауылда ержеткен Фордты  автокөлік ханзадасы болар деп ешкім болжамаса  керек. Үйде жаңа оятқыш немесе  ойыншық пайда болса болды, кiшкентай Генри оның іші-  сыртын  түгел ақтарып, зерттеп тастамайынша тыным  таппайтын. Қолына түскен заттарды бұзып, қайта  құрастыра жүріп, Генри шiркеу  мектебiнде сегіз жыл оқыған.  Алайда, мұғалiмдердің кәсіби  біліктілігі төмен болғандықтан, Форд өз өмiрiнiң ақырына дейiн сауаттылықты  үйренбеген. Ол он  алты жасқа толғанда Детройт қаласына көшеді. Генри қызметтік жолын кішкентай сатыдан  бастады: алдымен механик, сосын  сағатшының көмекшiсi, одан кейін Томас Эдисонның  Edison  Illuminating  компаниясында инженер болып жұмыс істеді.

 

Дөңгелекке байланған арман

Ынта болса, адамның қолынан келмейтіні жоқ...

Генри Форд

Бәрiнен де бала Фордты автокөлiктер қызықтырды. Ол бәріне қолжетімді автокөлік құрастыру идеясымен күні-түні ізденіп, жаңа көлік құрастыруға талпынды, бірақ, сол уақыттың автокөлiк өндiрiс технологиясы үлкен уақыт пен маңдай терді талап еттi. «Мен барлық адамдарға арналған көлік жасаймын, оны түсiнiктi сызбалар арқылы жақсы материалдардан білікті мамандар жасайды. Оның бағасын барлық адам сатып ала алатындай қолжетімді етемін»-деді Генри. Дегенмен, оның алғашқы үлгілері сәтсiз болды. 1893 жылы жасалған Фордмобиль атсыз арбаға ұқсады, ал бұл үлгі адамдардың қызығушылығын оята алмады. Бірақ, бұл сәтсіздік Фордты шыңдамаса, тауын қайтара алмады. Ол өзінің бiрiншi қозғалтқышын жинаумен бiрнеше ай әлек болды. Көбісі оның бұл талпынысын уақытты зая кетіру деп санады. Детройт тұрғындары оны «Беглистрит көшесіндегі есалаң» деп атады, бiрақ, Форд өзінің дөңгелекке байланған арманын жүзеге асыру жолындағы күресін тоқтатпады. 1893 жылы Генри Форд жоғарыда айтылған квадроциклді жасап шығарды, бірақ, ол да сұранысқа ие болмады. Өзінің көлігіне отырып алып клиент іздеуге шыққан Фордты жұрт мазақтап, әжуа күлкінің астында қалды... 

Ford Motor Company

Alfa Romeo-ны көргенде мен әрдайым бас киімімді шешемiн.

Генри Форд

 XX ғасырдың басында пайда болған автобәйге жүздеген темір тұлпар иелерінің бәсекелестігін тудырды. Бұл спорттың түрi үлкен қызығушылыққа ие боп, бәйгеге қатысуға ниет білдіргендер саны күн санап өсе берді.1902 жылы Генри жекпе-жекке Америка чемпионы Александр Уинтонды  шақырып, қаптаған қалың көрерменнің көз алдында жеңіске жетеді.  Ал 1903 жылы жалданған жүргiзушi – Ольдфильд бәйгеге Фордтың «999» жарыс үлгiсiмен қатысып, ол да озып шығады. Бұл жеңiс Фордқа атақ әкелдi.  1903 жылы 16 маусымда он екі инвестор Ford Motor Company компаниясын құрып, $28 000 салады. Бұл фирманың бастығы болып  Генри Форд тағайындалады. 

Конвейер

Жақсы машина - жаңа машина!

Генри Форд

26 автокөлiкті қолмен құрастыру қымбатқа түскеннен кейін Генри Форд басқа жол iздеу керек екендігін түсiндi. Ол қарапайым конструкциялы автокөлік жасағанымен, бағасы айтарлықтай төмендемеді. Қазынадағы қаржының көп бөлігі машинаның әрбір бөліктері мен мамандардың еңбекақысына кетіп жатты. Форд ең алдымен машинаның барлық компоненттерiн стандарттау керек деген шешімге келді. Сөйтіп, ол бөлшектерді өздері әзiрлеп, іріктейтін әрі  уақытты үнемдеуге мүмкiндiк беретін цех ашады. Сөйтіп, Форд Фредерик Тейлор мен Густав Свифттың ашқан тәжiрибесiн бағдарлай отырып, алғаш рет коммерциялық өндiрiске конвейердi енгiзедi. Автомобилдiк шассилар сабақтас арқандардың қатарымен бөлмеден бөлмеге өтіп, жұмысшыдан жұмысшыға қарай жүріп отырды. Олардың әрқайсылары кезектi бөлшектi бекiткен. Осылайша, жарыққа бірінші қолжетімді автокөлік - Ford Т шығады. Өндiрiстiң конвейеризациясы батыл қадам болатын. Форд бәсекелестерінен конвейер арқылы алға шықты. Күніне 1000 көлік шығарған Форд компаниясы бәсекелестеріне шаң жұтқызды. 4 орынды Ford T таңғалдырарлық коммерциялық жетiстiкке ие болған. Автокөлікті конвейердің арқасында  құрастыру айтарлықтай арзан болатын. 1909 жылы  4 орынды Ford T $ 850 тұрса, бәсекелес машиналардың бағасы шамамен $ 2500 жеткен. 1913 жылы Ford T бағасы $550 -ға жетіп, 1915 жылы $440 дейін құлады. 1914 жылға таман Генри өзінің 10 миллион автокөлiгiн шығарған. Әлемдегі барлық автокөлiктердiң 10 пайызы Ford T болатын. Ал барлық  шығарылған Ford Т-ның саны 15  миллионға жетті.

Әлемдi таң қалдырған 5 доллар

Адамдарды жұмыс iстеуге  екі түрлі жолмен қызықтыруға болады: еңбекақы мен одан айырылып қалу қорқынышын туғызу 

Генри Форд

Генри Фордтың 1914 жылы қабылдаған шешiмі оның бірден-бір дұрыс қадамы десек қателеспейміз. Ол күніне жұмысшыларына $5 (бүгiнгi курсқа шаққанда шамамен $112) төлейтінін хабарлады. Тiптi бүгiнгi күн үшiн де бұл біршама үлкен ақша сомасы. Бұдан басқа шылым тартпайтын, iшiмдiк iшпейтiн жұмысшыларға қосымша үстеме төлейтін болған. Форд жұмыс күнiн 8 сағатқа, жұмыс аптасын  6 күнге қысқартты. Мұндай еңбек жағдайы XX ғасырдағы Америка үшiн таңғажайыптың нақ өзі болды. Елдің түкпір-түкпірінен келген халық Ford Motor Company-ға жұмысқа тұру үшiн кезекке тұрды. Ең бастысы, жұмысшы ақша жинап, өзі де су жаңа автокөлік сатып ала алды.  Жап-жаңа Ford-тардың автокөлік дүкендеріне түскен бойда сатылып кетіп жатты. Көп ұзамай Форд серiктестiктердiң барлық акцияларын сатып алды да, қожайын болу құқын толық иеленді. Генри Форд 1920 жылдардың басында жетiстiктің шыңында болды. Тап осы уақытта оны автокөліктер патшасы деген атпен атады. Оның меншігінде зауыттар ғана емес, темiр кенiштерi, көмiр шахтасы, электр станциялары және машиналардың өндiрiсi үшiн керек барлық шикізат көздері болды. Ал серіктестері Бразилиядағы каучук плантациясын, әуежай, баспахана, киностудияларды өз меншіктеріне алды. Өзiнің өндiрiсін қажеттi шикiзатпен қамтамасыз ете алғандықтан, Форд жасаған империя сыртқы саудаға тәуелді болмады Бүгiнгi доллар курсына қайта есептегенде Генри Фордтың байлығы Forbes журналы айтуынша $188 миллиардпен бағаланады, бұл Билл Гейтстiң байлығына қарағанда, төрт есе көп. Тілшілер Генри Фордқа мынадай сұрақ қойған екен: «Сіз сияқты шылқыған бай адамның ендігі тілегі қандай?» Сонда Форд: «Мен ақшаға сатып ала алатын заттарға құмартпаймын, жай ғана өзім өмір сүріп жатқан әлемді жақсартқым келедi»,- деп жауап береді.

  Жетістікке жету және құлау

Сiз кез келген  "Фордты" сатып ала аласыз, бірақ, оның түсі қара болады.

Генри Форд

Генри Форд осылайша дөңгелекке байланған арманын жүзеге асырды. Жыл сайын ол барлық күшін көліктің барынша арзан болуына жұмсады. Өз серiктестерiнiң үлгiнiң сыртқы пiшiнi және техникалық параметрлерін жақсарту жайлы барлық ұсыныстарын қабылдамай, орынды айтылған пікірлерін жоққа шығарды. Ол автокөлiкті сән үшін емес, жылжу құралы ретінде пайдаланды. Фордтың толық күйреуіне бір қадам қалған болатын. General Motors компаниясы банкир Зелигманның, кейін Дюпон оқ-дәрiлi магнаттарының бақылауында болған. Күннен күнге General Motors нарықта  өз орнын жаулап ала бастады. GM-ға қарағанда Форд сатып алушыларға  қара түсті көлікті ғана ұсынатын. Әрбiр сатып алушының аздап өзгеше үлгiнi сатып алғысы келетінін GM компаниясы жақсы түсінген. Жеке опцияларды жақсы ақшаға сату өте тиімді бизнес екенін GM бірден аңғарған. Бұдан басқа, General Motors басқа автоөндiрушiлерге қарағанда, өз машиналарын қарызға сата бастады. 1927 жылы Фордтың қолжетімді автокөлiгiнiң сатылуы кенеттен күрт төмендеді. Форд өзінің машина өндірісін бір жылға тоқтатып, жұмысшыларын тарата бастады. 1928 жылы Форд нарыққа өзінің бұрынғы көліктерінен бірнеше есе артық жаңа Ford A үлгісін ұсынады. Кейін келе  кішігірім жүк машинасы -  Ford AA-ны шығарды. Уақыт өте келе Форд тіпті, өзінің жолаушы тасымалдайтын Ford Trimotor атты ұшағын жасады, бұл сол кездердегі АҚШ территориясында ұшуға рұқсат етілген жалғыз ұшақ еді. 1945 жылы Форд өзінің тағын немересі Генри Форд II-ге береді. Ал 1947 жылы  автоконструктор дүниеден озды.

Суреттер autoblog.com сайтынан