Атырауда нәрестені құлатып алу оқиғасынан соң перзентхана бас дәрігері қызметінен кетті

Атырауда нәрестені құлатып алу оқиғасынан соң перзентхана бас дәрігері қызметінен кетті

Атырауда нәрестені құлатып алу оқиғасынан соң перзентхана бас дәрігері қызметінен кетті, - деп хабарлайды "АқЖайық".

Басылым мәліметінше, Атырау облыстық перинаталдық орталығы директорының міндетін атқарушы Қазбек Ермағамбетов нәрестені құлатып алу оқиғасынан өз еркімен қызметінен кеткен. 

"Ол басшы қызметінен кетті, бірақ перзентханада жұмыс істейді", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Сәдуова.

Ж.Садуованың айтуынша, зардап шеккен бала жансақтау бөліміне жатқызылып, жан-жақты тексеріліп, УДЗ және КТ жасалған.

"Бала мен анасы әлі орталықта, реанимациядан шықты. Жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінде жатыр. Нәрестеде гипоксиялық ишемиялық зақымдану бар, бірақ ол құлағаннан емес, жүктілік пен босану үрдісімен байланысты", - дейді Ж.Садуова.

Денсаулық сақтау басқармасы жұмыс комиссиясының тексеру қорытындысы бойынша кезекші дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданылды.

Еске салайық, Атырау тұрғыны босанған соң 2 күннен кейін босанған әйелдермен бірге рентгенге түсуге шақырылған. Палатада төрт әйел болған. Алдымен екі әйелді, кейін тағы біреуін шақырған. Осылайша, босанғаннан кейін өз-өзіне келіп үлгермеген, өзі әрең қозғалатын бір әйел балаларға қарап қалған. Бір бала қатты жылап, келіншек оны қолына алып, жұбатуға тырысқан. Жұбата алмаған соң медбикелер мен дәрігерлерді шақыруға барған. Ешкім келмеген. Бір кезде әйелдің жағдайы нашарлап, баланы еденге түсіріп алған. Осыдан кейін де әйел мен балаға көмекке медбикелер емес, санитар келген екен. Бұл бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Г. Досымшалова