Головкин Муратаны тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңді (видео)

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Головкин Муратаны тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңді (видео)
Фото ©️ Getty Images

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) Сайтамадағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде Риота Муратаны тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңді. 

БӨЛІСУ

Бірінші раундты екі боксшы барлаумен өткізді. Головкин шабуылдап та, қорғана жүріп те дөп соққыларымен көзге түсті. Риота екінші раундты ширақ бастауға ұмтылды. Шабуылдары сәтті, соққылары мығымырақ шықты. 

Үшінші және төртінші раундта GGG шабуылына қарқын қосты. Қарсыласына да мүмкіндік беріп, қорғаныста жүріп те жұдырықтасып көрді. 

Гена бесінші раундты белсенді өткізді. Шаршы алаңдағы шайқаста басымдығы айқын байқалды. Кейінгі раундтарды да отандасымыз шабуылда ширақ, қорғаныста мығым болды. Риота Мурата көп соққы өткізіп алды.

Тоғызыншы раундта Геннадий Головкин қарсыласын техникалық нокаутпен жеңіп шықты. Жапон боксшысының бапкерлері ортаға ақ орамалды тастады. 

Тоғыз раундқа дейінгі төрешілер шешімінде де Гена алда тұрған.

Геннадий Головкин жекпе-жек үшін 5 млн доллар көлемінде кепілдендірілген гонорар және оған қоса PPV-дің 70% үлесін алады. Бұл шамамен 12-15 млн долларды құрайды.