Бензема Чемпиондар лигасында хет-трик жасаған ең егде футболшы

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Бензема Чемпиондар лигасында хет-трик жасаған ең егде футболшы
Фото ©️ @realmadrid

Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы қарымта ойында "Реал" Париждің ПСЖ клубын 3:1 есебімен ұтып, ширек финалға шықты. Ойында "корольдік клубтың" үш голын да соққан Карим Бензема жарыс тарихында хет-трик жасаған ең егде футболшы атанды.

БӨЛІСУ

Мадридтік клуб бірінші ойында қарсыластарына 1:0 есебімен есе жіберген. Шешуші кездесуді де қонақтар сәтті бастаған. Бірінші таймда Мбаппе гол соғып, командасын алға шығарған. Екінші таймда Карим Бензема өз мүмкіндіктерін оңтайлы пайдаланып, үш бірдей гол соқты. Осылайша мадридтік клубты ширек финалға алып шықты.

Осыған дейін Чемпиондар лигасында хет-трик жасаған ең егде ойыншы болып отандасы Оливье Жиру саналып келген. Қазір Италияның "Милан" клубында ойнайтын футболшы бұл жетістікті 34 жас 63 күнінде бағындырған. Бензема болса 34 жас 80 күнде болды.

Француз шабуылшысы ПСЖ-ға қарсы "Реал" сапындағы 500-ші ойынын да өткізді. Мадридтік клуб қатарында Роберто Карлостан (524 ойын) кейін ең көп ойынға шыққан футболшы.

Чемпиондар лигасының ширек финалына "Реалдан" өзге "Манчестер Сити", "Ливерпуль" және "Бавария" клубтары шығып үлгерді. Өзге төрт команда алдағы аптада анықталады.