Қазақстандық клубтардың еурокубоктағы қарсыластары анықталды

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық клубтардың еурокубоктағы қарсыластары анықталды
Фото ©️ jaboka.tv, vesti.kz. fckairat.kz

Футболдан еурокубок маусымы басталып келеді. Күні кеше Швейцарияның Ньон қаласында бастапқы іріктеу кезеңдерінің жеребесі тартылып, қазақстандық клубтардың қарсыластары белгілі болды.

БӨЛІСУ

Чемпиондар лигасында бақ сынайтын "Астанаға" Румынияның ЧФР командасы қарсылас атанды. Клуждік команда өткен маусымда ішкі чемпионатында топ жарған. Румыниядағы беделді клубтардың бірі.

Екі команда арасындағы бірінші ойын 9 не 10 шілде күні Нұр-Сұлтанда өтеді. Қарымта кездесу араға бір апта салып Румынияда болады.

ЧФР командасы 1907 жылы құрылған. Бес рет (2007/2008, 2009/2010, 2011/2012, 2017/2018, 2018/2019) Румыния чемпионатында жеңімпаз болған. Төрт рет (2007/2008, 2008/2009, 2009/2010, 2015/2016) ел кубогын жеңіп алған. Үш рет (2009, 2010, 2018) Румыния суперкубогын еншілеген. Сондай-ақ, үш рет (2008/2009 - 4-орын, 2010/2011 - 4-орын, 2012/2013 - 3-орын) Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған.

Еуропа лигасында ел намысын қорғайтын қазақстандық клубтардың да қарсыластары анықталды. Алматының "Қайраты" Боснияның "Широки Бриег" командасымен ойнайды.

Бұл команда қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін жақсы таныс. Осыған дейін еурокубокта "Широки Бриег" елімізге екі рет келген. Енді үшінші рет жолы түспек.

2013 жылы босниялық команданың жолы "Ертіспен" түйісті. Павлодарда қазақстандық клуб 3:2 есебімен жеңіске жеткенмен, қарымта ойында 2:0 есебімен есе жіберді. Ал 2016 жылы "Широки Бриег" "Ордабасыны" бірінші іріктеуде ұтып кетті.

Клубтың негізі 1948 жылы қаланған. 2004 және 2006 жылдары Босния чемпионатында топ жарған. Үш рет ((2007, 2013 және 2017) кубогын ұтып алған.

Қостанайдың "Тобыл" командасына Люксембургтің "Женесс" командасы қарсылас болды. Бұл клуб елде ең көп чемпион атанған ұжымдардың бірі. 28 рет үздік шыққан. Соңғы рет команда 2010 жылы чемпион атанған.

Командада Франция, Германия мен Бенин елдерінің футболшылары ойнайды. Сәуір айында клуб тізгінін бельгиялық Себастьян Гранжан ұстады. Ол осыған дейін де бір рет команданы жаттықтырып кеткен маман.

"Женесс" өз жеріндегі ойындарын "Де Ла Фронтьер" стадионында өткізеді. Алаң 5400 жанкүйерге арналған.

"Ордабасы" Грузияның "Торпедо" командасымен ойнайды. Тбилисидің "Динамосынан" кейінгі танымал клубтардың бірі. 2018 жылы команда Грузия чемпионатында қола жүлдегер атанды.

Команда төрт рет ел чемпионы, төрт рет кубокты иеленген. Еурокубок ойындарына 1998 жылдан бері қатысып келеді. Ал команда болып 1946 жылы құрылған.

Өткен жылы Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуға шақ қалған. Бірақ соңғы іріктеуде Болгарияның  "Лудогорец" командасынан аса алмады.

"Торпедо" командасы да Қазақстанға алғаш рет келгелі отырған жоқ. 2013 жылы еурокубокта "Ақтөбемен" кездескен. Өз алаңында 1:1 есебімен тең ойнап, қарымта кездесуде 0:1 есебімен ұтылған.

Қазіргі таңда Грузия чемпионатында "Торпедо" 18 тур ойындарынан кейін 4-орында келеді. Көш басындағы "Сабуртало" командасынан 8 ұпайға қалып келеді.

Еуропа лигасы іріктеу кезеңінің алғашқы ойындары 11 шілде күні өтеді. Қарымта кездесулер 18 шілдеге жоспарланған. "Ордабасы" бірінші ойынын өз алаңында (Алматыда өтеді) өткізсе, "Қайрат" пен "Тобыл" қарсыластарының алаңына қонаққа барады. Қос ойын қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда келесі кезеңге жолдама алады.