"Барыс" Магнитогорскіде "Металлургты" ұтты

Нұржамал Үсенова Корреспондент
"Барыс" Магнитогорскіде "Металлургты" ұтты

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын "Барыс" Магнитогорскіде "Металлургты" ұтты. Ойында елордалық ұжым мұз айдын иелерін 1:3 есебімен ұтты.

БӨЛІСУ

Ойынның бірінші кезеңінде шайба соғылған жоқ. Екінші кезеңде бірінші болып "Барыс" есеп ашты. Алексей Маклюковтың бағыттаған шайбасы қақпа ішінен табылды.  Араға 5 минут сала Даррен Диц асқан шеберлік танытып, "Металлург" қақпасына тағы бір рет шайба тоғытты.

Үшінші кезеңнің орта тұсында магнитогорскілік команда есепті қысқартты. Андрей Чибисов шайба авторы атанды. Ойын соңында есепті теңестіруге ұмтылған мұз айдын иелері қақпашыны ойыншыға алмастырды. Бұл мүмкіндікті "Барыс" ойыншылары ұтымды пайдаланып, Дастин Бойд ашық қақпаны дәл нысанаға алды. Үшінші шайбаны соғып, елордалық командаға айқын жеңіс сыйлады.

Магнитогорскідегі жеңістен кейін "Барыс" 71 ұпаймен Шығыс конференцияда үшінші орынға көтерілді. Келесі ойынын 24 қаңтар күні Санкт-Петербургте СКА командасына қарсы өткізеді.