Қазақстандық тағы екі боксшы Азия ойындарын жүлдесіз аяқтады

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық тағы екі боксшы Азия ойындарын жүлдесіз аяқтады
Фото ©️ ҚР ҰОК

Қазақстандық боксшылар Азат Махметов пен Саматәлі Төлтаев Азия ойындарының ширек финалында қарсыластарына жол беріп, жарысты жүлдесіз аяқтады.

БӨЛІСУ

52 кг-ға дейінгі салмақта өткен жекпе-жекте Азат Махметов 2:3 есебімен Ладон Рогенге есе жіберді. Жартылай финалға шыққан филиппиндік боксшы жүлделі орынға ілікті. Қандай жүлде болатыны алдағы кездесулеріне байланысты. Осыған дейін Ладон 2015 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған. 2015 және 2017 жылдары өткен Азия чемпионаттарында күміс және қола алған.

27 жастағы Азат Махметов Азия ойындарына алғаш рет қатысты. Бірінші жекпе-жегінде 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері кәріс Ким Инкті жеңген еді.

60 кг-ға дейінгі салмақта Саматәлі Төлтаев қытайлық боксшы Юнь Шаннан жеңілді. Төрешілер қарсыласы 5:0 есебімен айқын жеңіске жеткені жайлы нәтиже шығарды.

Қазақстан құрамасы сапында осыған дейін Қайрат Ералиев те тай боксшысына жол беріп, Азия ойындарын жүлдесіз аяқтаған болатын.

69 кг салмақ дәрежесінде жарысқа қатысып жатқан Асланбек Шымбергенов ширек финалда қырғыз Абдурахман Абдурахмановты жеңіп, жартылай финалға шықты.