"Астананың" Еуропа лигасындағы қарсыласы анықталды

О Сансызбай Корреспондент
"Астананың" Еуропа лигасындағы қарсыласы анықталды
Фото ©️ vesti.kz

Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шыққан барлық командалар анықталды. "Астана" футбол клубы Кипрдің АПОЭЛ командасымен кездеседі.

БӨЛІСУ

Түнде өткен ойындар қорытындысы бойынша қазақстандық клубқа АПОЭЛ қарсылас атанды. Кипрлік ұжым қарымта ойында Израильдың "Хапоэль Беэр-Шева" командасын 3:1 есебімен ұтты. Ал алғашқы ойында 2:2 есебімен тең түскен.

Ойынның бірінші таймында израильдік команда ұтып шықты. 18 минутта Эден Бен Басаттың голы қонақтарды алға  оздырған. Алайда екінші таймда АПОЭЛ-дің адуыны артты. 64 минутта Кажу есепті теңестірсе, 79 және 94 минуттарда Лукас Соуза дубль жасады.

АПОЭЛ де "Астана" секілді Чемпиондар лигасынан шығып, еурокубокты Еуропа лигасында жалғастыруда. Елордалық клуб Загребтің "Динамосына" жол берсе, кипрлік команда қазақстандық бапкер жаттықтыратын Литваның "Судува" командасынан ұтылды.  

Айта кетейік, екі команданың ойыны бір-біріне таңсық емес. Осыған дейін еурокубокте жолдары түйіскен. 2015 жылы қазақстандық клуб қарсыластарын екі ойын қорытындысы бойынша (1:0, 1:1) ұтып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан болатын. 2016 жылғы маусымда екі команда Еуропа лигасының топтық кезеңінде бір топта болды. Өз алаңдарындағы ойындарда 2:1 есебімен жеңіске жетті.

АПОЭЛ мен "Астана" арасындағы алғашқы ойын 23 тамыз күні Кипрде өтеді. Қарымта кездесу араға бір апта сала Астанада болады. Екі ойын қорытындысы бойынша жеңіске жеткен клуб Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнайды.

Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі командалар жұбы: (бірінші жазылған команда өз алаңында бастайды): 

"Олимпия Любляна" (Словения) - "Спартак Трнава" (Словакия)
АПОЭЛ (Кипр) - "Астана" (Қазақстан)
"Русенборг" (Дания) - "Шкендия" (Македония)
"Дюделанж" ( Люксембург) - ЧФР Клуж (Румыния)
"Судува" (Литва) - "Селтик" (Шотландия)
"Шериф" (Молдова) - "Карабах" (Әзірбайжан)
"Мальме" (Швеция) - "Мидтьюлланд" (Дания)
"Торпедо Кутаиси" (Грузия) - "Лудогорец" (Болгария)
"Сигма" (Чехия) - "Севилья" (Испания)
"Сарпсборг" (Норвегия) - "Маккаби Тель-Авив" (Израиль)
"Гент" (Бельгия) - "Бордо" (Франция)
"Партизан" (Сербия) - "Бешикташ" (Түркия)
"Рапид" (Австрия) - "Стяуа" (Румыния)
"Аполлон" (Кипр) - "Базель" (Швейцария)
"Рейнджерс" (Шотландия) - "Уфа" (Ресей)
"Аталанта" (Италия) - "Копенгаген" (Дания)
"Зенит" (Ресей) - "Мольде" (Норвегия)
"Тренчин" (Словакия) - АЕК (Грекия);
"Генк" (Бельгия) - "Брондбю" (Дания)
"Олимпиакос" (Грекия) - "Бернли" (Англия)
"Заря" (Украина) - "РБ Лейпциг" (Германия)

Еуропа Лигасының плей-офф раундының жеңімпаздары топтық кезеңге өтеді. Онда 48 команда 12 топқа бөлінеді. 31 тамызда Монакода жеребе тартылады.