Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде бір саты жоғарылады

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде бір саты жоғарылады
Фото ©️ vesti.kz

Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) ресми сайтында жаңарған рейтингін жариялады. Қазақстан құрамасы бір саты жоғарылап, 116-орынға тұрақтаған.

БӨЛІСУ

ФИФА-ның рейтингі 19 шілде күні жаңаруы тиіс еді. Алайда әлем чемпионатына байланысты кейінге шегерілген-ді. Нәтижесінде жаңарған рейтинг бүгін жарияланды.

Алғашқы ондықта айтарлықтай өзгерістер бар. Әлем чемпионы атанған Франция көш басына шықты. Бельгия құрамасы үштен екінші орынға көтерілсе, Бразилия бір саты төмен сырғыды. Финалға шыққан хорваттар 16 саты жоғарылап, төртінші орыннан бір-ақ көрінді. Сондай-ақ Уругвай, Англия мен Дания құрамалары алғашқы ондыққа енген. Аргентина, Германия мен Польша ондықтан шығып қалған.

Үздік құрамалар ондығы:

1 (7). Франция - 1726 ұпай
2 (3). Бельгия - 1723,
3 (2). Бразилия - 1657,
4 (20). Хорватия - 1643,
5 (14). Уругвай - 1627,
6 (12). Англия - 1615,
7 (4). Португалия - 1599,
8 (6). Швейцария - 1597,
9 (10). Испания - 1580,
9 (12). Дания - 1580,

Жаңарған рейтингтегі ең төменгі нәтижені Египет ұлттық құрамасы көрсетіп отыр. Олар бірден 20 саты төмендеп, 65-орынға тұрақтаған. Бұл рейтингтің үздік көрсеткішін Ресей құрамасы еншіледі. Олар 21 саты жоғарылап, 49-орынға табан тіреген.

Айта кетейік, ФИФА рейтингі 1993 жылдан бері түзіліп келеді. Сол арқылы ұлттық құрамалардың өсу деңгейін, көрсетіп келе жатқан нәтижелерін бағамдауға болады. Рейтинг тарихында көш тізгінін 7 ұлттық құрама ғана иеленген. Оның бесеуі Еуропадан болса, екеуі – Оңтүстік Америка құрлығынан. Олар: Германия, Италия, Франция, Испания, Нидерланды, Бразилия және Аргентина.

2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатынан кейін рейтинг ұпайын есептеу жүйесіне арнайы өзгертулер енгізілді.