Голливудта жұдырықтасатын қазақстандық боксшының қарсыласы белгілі болды

О Сансызбай Корреспондент
Голливудта жұдырықтасатын қазақстандық боксшының қарсыласы белгілі болды

Жартылай ауыр салмақта жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Али Ахмедовтің (11-0, 8 КО) қарсыласы белгілі болды. Отандасымыз Голливудта (Калифорния штаты) америкалық боксшы Хорхе Эскалантемен жұдырықтасады.

БӨЛІСУ

"Hollywood Fight Nights 2" бокс кеші 8 тамызда өтеді. Али мен Хорхе арасындағы жекпе-жек 6 раундқа жоспарланған. Сондай-ақ бокс кешінің басты жекпе-жегі болмақ.

Бокс кешін қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлердің 360/K2 Promotions компаниясы ұйымдастыруда.

Алидің қарсыласы аса танымал боксшылар қатарынан емес. Жасы - 33-те. Кәсіпқой бокста бар болғаны 10 жекпе-жек өткізген. 9-да жеңіп, 1-де ғана ұтылған.

Айта кетейік, Али Ахмедов соңғы жекпе-жегін өткен жылдың желтоқсан айында өткізді. Алматыда өткен бокс кешінде әзірбайжандық боксшы Исмат Эйнуллаевты ұтты. Қазіргі таңда Big Bear лагерінде Геннадий Головкинмен бірге жаттығады.