Бокстан Президент кубогының финалына шыққан боксшылар белгілі болды

О Сансызбай Корреспондент
Бокстан Президент кубогының финалына шыққан боксшылар белгілі болды
Фото ©️ kfb.kz

Бокстан Астанада өтіп жатқан VI халықаралық Президент кубогында финалға шыққан боксшылар белгілі болды. Қазақстан құрамасы сапынан финалдық кездесуге 16 боксшы шықты.

БӨЛІСУ

Ерлер әуесқой бокстағы 10 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздарды ертең анықтайтын болады. Ал әйелдер арасында 51, 57, 60 және 75 кг салмақта финалдық жекпе-жектер өтеді.

Қыздар арасында төрт боксшымыз финалда бақ сынайды. 57 кг салмақ дәрежесінде Сәния Сұлтанқызы Жапониядан келген боксшы қыз Хирута Мицукимен жұдырықтасады. 60 кг салмақта қазақстандық боксшы қыздар Римма Волосенко мен Айжан Қожабекова өзара жеңімпазды анықтайтын болады. Ал 75 кг-да Дариға Шәкімова швед Лав Холгерсонмен кездеседі. Өкінішке қарай 51 кг салмақта Назым Қызайбай 19 жастағы Намики Цукимиге есе жіберіп, қола жүлдегер атанды.

Ерлер арасында 12 боксшымыз финалда жұдырықтасады. 49 кг-да Жомарт Ержан мен Теміртас Жүсіпов, 69 кг-да Абылайхан Жүсіпов пен Асланбек Шымбергенов, 75 кг-да Ерік Әлжанов пен Әбілхан Аманқұл өзара мықтыны анықтайтын болады. Сондай-ақ 52 кг-да Қайрат Ералиев америкалық Дюк Ламонд Раганмен, 64 кг салмақта Бекдәулет Ибрагимов Икболжан Холдаровпен жұдырықтасады.

81 кг салмақта Бек Нұрмағамбет өзбек боксшысы Бектемір Меликузиевпен, ал аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев ресейлік Максим Бабанинмен алтын жүлдеге таласады. Өкінішке қарай Василий Левит ресейлік боксшы Садам Магомедовқа жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтты.

Жарыс жеңімпазы атанған боксшы Қазақстан бокс федерациясы тарапынан 2000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Екінші орын иегеріне - 1000 доллар, үшінші орын алған боксшыға 500 доллар беріледі.

Финалдық жекпе-жектер ертең Астана уақытымен сағат 13:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсететін болады.