Ольга Рыпакова Ослодағы "Гауһар лигаға" қатысады

О Сансызбай Корреспондент
Ольга Рыпакова Ослодағы "Гауһар лигаға" қатысады
Фото ©️ tengrinews.kz

Үш бірдей Олимпиада ойындарында жүлде алған қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова  7 маусым күні Норвегия елінің астанасы Ослода өтетін "Гауһар лиганың" бесінші кезеңіне қатысады.

БӨЛІСУ

Жарысқа қатысушылар қатарында басты бәсекелестерінің бірі колумбиялық Катрин Ибаргуэн де бар, - деп хабарлайды Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы.

Әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысы "Гауһар лиганың" биылғы маусымында осымен екінші рет қосылып отыр. Бұған дейін алғашқы старт 12 мамырда Шанхайда басталған. Оған Ольга Рыпакова қатыспаған еді. Осы жолы Ослода 9 атлет бақ сынайды. Үшеуі – Шанхайдағы кезеңде жүлдеге іліккендер. Қытайда колумбиялық Катрин Ибаргуэн – 14.80 метрмен чемпион атанған. Екінші және үшінші орынды ямайкалық Шаниека Риккетс (14.55) пен Кимберли Уильямс (14.35) өзара бөліскен болатын. Ал өзге алты спортшы жарысты Ослодан бастамақ.

Мамандар Норвегияда жоғарыдағы үштікпен қатар Ольга Рыпакова жүлдеге таласады деп отыр. Сондай-ақ 12 мамырда Франциядағы жарыста 14.84 метрге секіріп, көпшілікті таңқалдырған америкалық Тори Франклин де Ослоға келеді. Бұл – биылғы маусымдағы ең үздік көрсеткіш. Былтырғы жылы бұл межеден тек Катрин Ибаргуэн мен Юлимар Рохас ғана асқан болатын. 2017 жылы 14.09 метрмен шектелген Франклиннің бір жылдың ішінде осындай нәтиже көрсетуі қол соғуға тұрарлық.

Сондай-ақ германиялық Кристин Гириш пен грекиялық Параскеви Папахристу, украиналық Ольга Саладуха және жергілікті спортшы Ютси Онстад жарыс көрігін қыздыратын болады.