Астанада бокстан Президент кубогы халықаралық турнирі басталды

О Сансызбай Корреспондент
Астанада бокстан Президент кубогы халықаралық турнирі басталды
Фото ©️ Данияр Майлыбаев

Астанада бокстан ҚР Президенті кубогы VI халықаралық турнирі басталды. Жарыста 15 елден келген боксшылар бақ сынауда.

БӨЛІСУ

Биылғы бокс додасына Беларусь, Үндістан, Жапония, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Филиппин, Ресей, Швеция, Тәжікстан, Тайланд, Түрікменстан, АҚШ, Өзбекстан мен қазақ елінің боксшылары қатысуда. Барлығы 162 боксшы (124 – ер, 38-әйел) тіркелген.

Ерлер әуесқой бокстағы 10 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Ал әйелдер арасында 51, 57, 60 және 75 кг салмақта жүлделер сарапқа салынады.

Тайланд, Өзбекстан, Үндістан мен Филиппин елдерінен келген боксшылар саны басым. Көпшілігі халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген спортшыларын ала келген. Әсіресе Өзбекстан құрамасы сапында Олимпиада чемпиондары Хасанбой Дусматов пен Шахобиддин Зоиров бар. Тайланд құрамасы екі дүркін Азия чемпионы Вуттичай Масук пен құрлық чемпионы Чатчай Бутдиді додаға қоспақ. Филиппиндіктер өткен жылғы жарыс жеңімпазы Карло Паалам мен Азиядағы айтулы боксшылары Чарли Суарез пен Эумир Марсиальды ала келген. Қазақстан құрамасы сапында да кіл мықты боксшылар жарыс шаршы алаңына шығатын болады.

- ҚР Президенті кубогы турнирі – Азия ойындары алдындағы тамаша жарыс болмақ. Өзбекстан мен Қытай құрамалары маңдайалды боксшыларын алып келді. Жарысқа қатысушы елдер боксшыларының соңғы дайындықтарын осында шыңдайтын болады, - деді ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов.

Жарыс жеңімпазы атанған боксшы Қазақстан бокс федерациясы тарапынан 2000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Екінші орын иегеріне - 1000 доллар, үшінші орын алған боксшыға 500 доллар беріледі.

Турнир 10 маусымға дейін жалғасады. Жекпе-жектер күн сайын Астана уақытымен сағат 13:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсететін болады.