Филип Хргович: "Кличкомен жұдырықтасқым келеді"

Ла Лига Корреспондент
Филип Хргович: "Кличкомен жұдырықтасқым келеді"

Astana Arlans командасының жаңа боксшысы Филип Хргович WSB сериясының алдағы жаңа маусымында барлық кездесуде жеңіске жетіп, аса ауыр салмақтағы нөмірі бірінші былғары қолғап шебері болғысы келеді екен. Филиппен сұхбатымыз барысында ол Қазақстан елінің қонақжайлығы туралы айтып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.

БӨЛІСУ

«Мені мұнда өте жылы қарсы алды. Команда ішіндегі қарым-қатынас та жақсы. Барлық жігіттер алдағы маусымда тек жеңіс үшін жұдырықтасуға дайын. Біздің бапкерлеріміз де білікті. Олар біздің шеберлігімізді арттыра түсетініне кәміл сенемін. Маған келетін болсақ, жаңа маусымда командаға көмектесу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасайтын боламын. Қарсыластарымды мұқият зерттеп, барлық кездесуде жеңіске жетуге тырысамын», - деп әңгімесін бастады Хргович.

- «Арландармен» қанша уақытқа келісім-шарт жасастыңыздар?
- Бір маусымға ғана шартнама жасастық.

- Маусым сәтті өтіп жатса, келер жылы Астаналық команданың сапында қаласыз ба?
- Әрине. Команда жетекшілері мен бапкерлері менің көрсеткішіме толыққанды разы болса, келер маусымды да Astana Arlans командасының сапында өткізуге дайынмын. 

- Алдағы уақытта рейтингтік кездесулерге қатысуға жоспарыңыз бар ма?
- Әрбір боксшы секілді менің де арманым әуесқой бокста мүмкіндігінше жақсы өнер көрсетіп, азулы қарсыластарды жеңу болып табылады. Рейтингтік кездесулерге келетін болсақ, мен бұл туралы әлі ойланбадым. Қазірше менің басты мақсатым Astana Arlans сапында жетістіктерге жету.

- Аса ауыр салмақта қандай боксшыларға еліктеп жұдырықтасасыз?
- Дәл бір боксшыға еліктеймін деп айта алмаймын. Дегенмен Леннокс Льюис, Майк Тайсон, ағайынды Кличколардың жекпе-жектерін мұқият қараймын. Олардан біршама тактикалық қимылдарды үйреніп те алғаным бар.

- Егер мүмкіндігіңіз болып жатса, бүгінгі таңдағы мықты боксшылардың қайсысымен жұдырықтасқыңыз келеді?
- Кличкомен жұдырықтасқым келеді. Дегенмен ондай мүмкіндік болмайды ма деп ойлаймын. Мен ол ағайындылардың деңгейіне жеткенде, олар спорттық ғұмырын аяқтауы мүмкін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сурет: astanaarlans.com