«Арландар» ресейлік клубқа қарсы шығатын құрамын жариялады

О Сансызбай Корреспондент
«Арландар» ресейлік клубқа қарсы шығатын құрамын жариялады
Фото ©️ massaget.kz

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) бақ сынайтын «Astana Arlans» топтағы алғашқы кездесуін Ресейден бастайды. Отандастарымыз 4 ақпан күні «Russian Boxing Team» командасымен жұдырықтасады. Бүгін команданың ресейліктерге қарсы шығатын құрамы белгілі болды.

БӨЛІСУ

Топтағы алғашқы жекпе-жекте «С1» дәрежесіндегі боксшылар шаршы алаңға шығады. Бұл туралы бүгін өткен команданың таныстыру рәсімінде аға жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков хабарлады.

«Russian Boxing Team» қазақстандық клубқа қарсы шығатын құрамын бір апта бұрын жариялап үлгерген болатын. Сонымен қос команда арасындағы жекпе-жектер 49 келіге дейінгі боксшылардың жұдырықтасуымен басталады. Бұл салмақта отандасымыз Теміртас Жүсіпов Батор Сагалуевпен кездеседі. 56 келіге дейінгі салмақта тәжірибелі боксшыларымыздың бірі Ілияс Сүлейменов ел намысын қорғайды. Оның қарсыласы – Максим Чернышев.

64 келіге дейінгі салмақта аға жаттықтырушы Ділмұрат Мижитовке сенім артып отыр. Ол ресейлік клуб сапынан Ратмир Абдурахмановпен қолғап түйістіреді. 75 келіге дейінгі салмақта Әбілхан Аманқұл Максим Коптяковпен жұдырықтасатын болады. Ал 91 келіге дейінгі салмақта Антон Пинчук шаршы алаңға шығады. Тәжірибелі боксшымыз ресейлік Сергей Калчугинмен кездеседі.

Айта кетейік, 2010 жылы алғаш рет тұсауы кесілген жобаға биыл айтарлықтай өзгерістер енді. Жобаға қатысатын командалар 3 топқа бөлінген. Қаржы тапшылығына байланысты Украина, Әзірбайжан, Түркия, Польша, АҚШ пен Пуэрто-Рика елдерінің командалары биылғы додадан тыс қалды.

Жаңа ереже бойынша әр топтың үздік екі командасы плей-офф ойындарына шығады. Сонымен қатар үшінші орын алған командалардың арасында үздік нәтиже көрсеткен екі клуб та плей-оффқа жолдама алатын болады.

«Astana Arlans» биыл топта (азиялық) «China Dragons» (Қытай), «Uzbek Tigers» (Өзбекстан) және «Russian Boxing Team» (Ресей) командаларымен бірге бақ сынайды.