Антуан Гризманн «МЮ»-ге ауысуға келісімін берді

О Сансызбай Корреспондент
Антуан Гризманн «МЮ»-ге ауысуға келісімін берді
Фото ©️ eurosport.ru

Мадридтік «Атлетикода» ойнайтын шабуылшы Антуан Гризманн алдағы жазда ағылшындық «Манчестер Юнайтед» командасының сапын толықтыруы мүмкін. Футболшы «қызыл сойқандар» сапына ауысуға келісімін берген.

БӨЛІСУ

«The Independent» басылымының хабарлауы бойынша ағылшындық клубтың басшылығы мен футболшы агенті арасында бірнеше айдан бері келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде қос тарап ауызша келісімге келіп, футболшының жылдық жалақысы мен командада ойнайтын нөмірі анықталып үлгерген. Бейресми деректер бойынша манкуниандық клуб футболшы үшін 100 миллион еуро шығындауға дайын екен.

Антуан Гризманның өзі де «Манчестер Юнайтед» сапына ауысуға ниетті. Ұлттық құрамадағы әріптесі Поль Погбамен бір командада доп тепкісі келеді екен.

«Манчестер Юнайтед» клубының жанкүйерлері Антуан Гризманның осы қыста-ақ командаларына ауысқанын қалайды. Алайда мадридтік клуб асығар емес. Асықпауының да себебі бар. 2016 жылы ФИФА «Атлетико» клубына 18 жасқа толмаған ойыншыларды командаға шектен тыс тіркегені үшін ойыншы сатып алуға шектеу қойған еді. Сондықтан да Диего Симеонеге қазір шабуылшы қажет-ақ.

Айта кетейік, Антуан Гризманн «Атлетикода» 2014 жылдан бері ойнап келеді. Өткен жылы ұлттық құрама сапында Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ «Челси» командасының ұсынысын қабыл алмады.

Кеше Халықаралық спорттық зерттеу орталығы (CIES) әлемдегі ең қымбат футболшылардың рейтингін жариялаған еді. Бұл тізімде француздық шабуылшының трансферлік құны 150,4 миллион еуроға бағаланған.