«Астана» Алматыда чемпион атана алмады

О Сансызбай Корреспондент
«Астана» Алматыда чемпион атана алмады
Фото ©️ ФК Кайрат (вк)

Футболдан ел премьер-лигасының ХХХ тур ойындары мәресіне жетті. Алматыда «Қайратқа» 2:0 есебімен ұтылған «Астана» чемпиондық атаққа ерте қол жеткізе алмады.

БӨЛІСУ

Алматыда чемпион атануды мақсат тұтқан елордалық клуб алғашқы минуттардан бастап алға ұмтылды. Доп ұстауда басымдық танытып, шабуылда ширақ қимылдай бастады. Ал қарсыластарының қателігін күткен «Қайрат» өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеуге тырысты. 29 минутта «Астана» қақпасының алдындағы қарбаласқан сәттердің бірінде Сесар Арзо командасын алға шығарды. Араға 7 минут сала «Қайрат» қарымта шабуылда қарсыластарын кезекті рет қапы қалдырды. Исламбек Қуаттың шірене тепкен жойқын соққысын Ненад Эрич қайтара алмады. Бірінші тайм аяқталар тұста Жерар Гоу да Ненадпен бетпе-бет шықты. Дегенмен «Қайрат» шабуылшысы мергендігімен көзге түсе алмады.

Екінші таймда «Астана» есепті теңестіруге күш салды. Азат Нұрғалиевтің орнына кірген Джордже Деспотович командасының шабуылын үдетті. 59 минутта бас төреші Руслан Дүзмамбетов алаң иелері қақпасына пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын Джордже Деспотович сәтті орындай алмады. Стас Покатилов доптың бағытын дәл аңғарып, командасын голдан құтқарып қалды. Ал ойын аяқталар тұста Ненад Эрич шеберлігімен көзге түсті. Ол Жерар Гоу тепкен пенальтиді қайтара білді. Нәтижесінде ойын 2:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.

«Қайрат» өз алаңында «Астананы» ұту арқылы ұпай айырмасын қысқарта білді. Қазіргі таңда қос команда арасын 3 ұпай бөліп тұр. Алда әлі екі турдың ойындары бар. Сондай-ақ «Астананың» «Оқжетпеске» қарсы кейінге шегерілген бір ойыны бар.

Шымкентте өткен «Ордабасы» мен «Ертіс» кездесуі 3:3 есебі тең аяқталды. Ел біріншілігінің қола жүлдесінде таласта командалар барын салды. Павлодарлық ұжым есепте екі рет алға шыққанмен, алаң иелері таразы басын теңестірумен болды. Қос клубтың да қола медаль иеленуге мүмкіндіктері бар.

Ордабасы – Ертіс 3:3 (2:2)

Голдар: Мұртазаев 22 (пнеальти) (0:1), Фонсека 27 (0:2), Гейнрих 45+1 (пенальти) (1:2), Диакате 45+2 (2:2), Ахметов 58 (2:3), Гейнрих 88 (пенальти) (3:3)

Ескертулер: Трайкович 4, Гогуа 18, Абдулин 57, Қожабаев 72, Диакате 79, Смақов (ойын соңынан) – Алиев 24, Керла 45+1, Ахметов 68

Ойыннан қуылды: Керла (ойын соңынан)

«Ақтөбе» - «Оқжетпес» арасындағы ойын да тең нәтижемен аяқталды. Ақтөбеде өткен ойында 2:2 есебі тіркелді.

Екінші алтылықта премьер-лигада қалу үшін талас қызу жүруде. Оралдың «Ақжайық» клубы сырт алаңда Қостанайдың «Тобыл» клубын ұтты. Нәтижесінде «Таразбен» ұпай есебін теңестірді. Ал бұл турда «Тараз» Талдықорғанда «Жетісумен» 0:0 есебімен тең ойнады.

«Атырау» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» клубын 2:0 есебімен ұтты. Ойында Владимир Аржанов пен Павел Шабалин гол соқты.