
Ибрагимович ресми түрде "МЮ" ойыншысы атанды
Танымал швед футболшысы Златан Ибрагимович ағылшындық "Манчестер Юнайтед" клубына ресми түрде ауысты. Бұл туралы клубтың "twitter" желісіндегі парақшасы хабарлады.
Манкуниандық клуб швед шабуылшысына үлкен сенім артып отыр. Сондай-ақ "қызыл сойқандардың" жаңа жаттықтырушысы Жозе Моуринью да Златанның команданы алға сүйрейтініне сенім білдіруде.
- Мен "Манчестер Юнайтед" сапына қосылғаныма, премьер-лигада ойнау бақыты бұйырғанына қуаныштымын. Жозе Моуриньюмен бірге жұмыс жасауға асығып жүрмін. Ағылшын премьер-лигасында өзімді тамаша қырымнан көрсете аламын деп ойлаймын, - деді Златан Ибрагимович.
Футболшы "Манчестер Юнайтед" сапына еркін агент ретінде қосылып отыр. Осыған дейін Златан "ПСЖ", "Милан", "Барселона", "Интер", "Ювентус", "Аякс" жəне "Мальме" клубтарында ойнаған.
Ө. Сансызбай