Бүгін Қазақстан клубтары Еуропа Лигасындағы ойындарын бастайды

Бүгін Қазақстан клубтары Еуропа Лигасындағы ойындарын бастайды

Бүгін Еуропа Лигасының бірінші кезеңі аясындағы алғашқы ойындар өтеді. Бұл додаға еліміздің атынан "Қайрат", "Ордабасы" мен "Ақтөбе" клубтары қатысатынын естеріңізге саламыз.

Қазақстан клубтарының ойындарын бірінші болып Астана уақыты бойынша сағат 20:00-де "Ақтөбе" бастамақ. Өз алаңында мажарстандық "МТК Будапешт" командасын қабылдайтын ақтөбеліктер Еуропа Лигасындағы былтырғы сәтсіздіктерін қайталамауға тырысатыны анық. Дегенмен команданың жас ойыншылардан жасақталғанына және чемпионаттағы көрсеткіштеріне қарап, бұл мәселені жүзеге асыру қиынға соғатынын байқауға болады.

Келесі ойын Албанияның Дуррес қаласында өтеді. Бұл кездесуде жергілікті "Теута" командасы алматылық "Қайратты" қабылдамақ. Албания құрамасы Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткеніне қарамастан, көпшілік қазақстандық клубқа басымдық берді. Мұндай ойдың туындауына "Қайрат" бюджетінің қомақтылығы және командадағы Анатолий Тимощук, Андрей Аршавин сынды мықты легионерлердің болуы әсер етті. Десе де Астана уақыты бойынша сағат 00:00-де басталатын бұл текетіресте кімнің мықты екенін алаңдағы ойын көрсетеді.

"Ордабасы" ойынын сағат 00:30-да бастайды. Сербиялық "Чукарички" клубына қонаққа баратын шымкенттіктер үшін бұл кездесу сәтті өтуі тиіс. Олар қазір нағыз бабында. Бұл жөнінде "Чукаричкидің" бапкері Милан Лешняк та айтқан еді. Десе де өз алаңында өнер көрсететін сербиялықтар да қарап қалмас. Маусымдағы алғашқы ресми ойынын жақсы өткізуге тырысатын олар кездесуде аз есеппен болсын жеңіске жетеміз деп отыр.

Еуропа Лигасының бірінші кезеңі аясындағы қарымта ойындар 7 шілдеге жоспарланған. Массагет порталының ұжымы атынан Қазақстан клубтарына сәттілік тілейміз.

Y. Almabek