Андрей Аршавин: Қазір қазақ тілін үйреніп жатырмын

Yernar Almabek Корреспондент
Андрей Аршавин: Қазір қазақ тілін үйреніп жатырмын
Фото ©️ fckairat.kz

Қазір Алматының «Қайраты» сапында ойнап жүрген Ресей құрамасының бұрынғы шабуылшысы Андрей Аршавин бұл командадан кеткеннен кейін футболшылық мансабына нүкте қоятын ойы барын мәлімдеді. Бұл туралы «Р-Спорт» ақпарына сүйенген ras.kz хабарлады.

БӨЛІСУ

Аршавин биылғы қыста екі жақты келісіммен Краснодардың «Кубань» клубымен арадағы контрактісін үзген болатын. Наурыз айында ол «1+1» схемасы бойынша «Қайраттың» ойыншысы атанды.

Алматылық клубтан кейін футболшылық мансабын тоқтату ықтималдылығы туралы қойылған сұраққа футболшы: «Негізі, солай болатын шығар», деп жауап берген.

35 жастағы спортшы сондай-ақ қазақ тілін үйренгісі келетін-келмейтіні туралы сұраққа да жауап қайтарыпты.

«Мен үйреніп те жатырмын. Шын мәнінде біраз сөздерді білемін. Мысалы, қар дегеніміз – снег, ал орталық – центр. Қазақ тілі – мен үшін қиын тіл, бірақ уақыт өте келе тым болмаса ол тілде жұрттың не айтып жатқанын ұғатын хәлге жете алатын шығармын деп ойлаймын», – деді Аршавин.

Бұдан бұрын Андрей Аршавин Санкт-Петербургтің «Зениті» (1999-2008, 2012, 2013-2015) мен Лондонның «Арсеналында» (2009-2013) өнер көрсеткен. Ол «Зениттің» құрамында Ресейдің үш дүркін чемпионы атанды, екі рет турнирдің күміс медалінің иегері болды, бір-бір реттен УЕФА Кубогі мен Суперкубогын, Ресей Суперкубогы мен премьер-лига Кубогын жеңіп алды. 2002-2012 жылдары Ресей құрамасы сапында хавбек ретінде 75 матч ойнап, 17 гол салды. Команданың капитаны дәрежесінде 2008 жылы Еуропа чемпионатында жартылай финалға дейін жетті.

Дереккөз: Рас.кз