Өзге елдер Универсиада жайлы не дейді?

О Сансызбай Корреспондент
Өзге елдер Универсиада жайлы не дейді?
Фото ©️ Рауан Оқас

2017 жылғы қысқы Универсиадаға қатысуға ниет білдіріп жатқан мемлекеттер көп. Сол елдердің бірқатары Алматыда өтетін ойындар жайлы пікірлерін білдірді.

БӨЛІСУ

Ұлыбритания университеттері мен колледждері одағының өкілі Нил Роджерс: «Қазір біз студент спортшыларды жан-жақты іріктеуді бастадық. Сыннан сүрінбегендер, келер жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға барады. Біз Ұлыбританияның барлық спорт федерацияларымен тығыз қарым-қатынастамыз. Олар біздерге жаттығу жұмыстарына көмек қолын созуда. Хоккейден ерлер құрамасы 29-шы қаңтар күні, 2017 жылғы қысқы Универсиадаға тура бір жыл қалған уақытта дайындықтарын бастап кетті. Алматыдағы қысқы ойындарға Ұлыбритания атынан 90 спортшы келеді деп жоспарланған. «FISU қанаты астындағы Универсиада ойындары- жауапты әрі қызықты, жоғары деңгейлі жарыс. Біз Алматыдағы қысқы ойындарды асыға күтудеміз. Қазақстанның мәдениетімен, халқымен жақынырақ танысқымыз келеді. Бұған дейін Универсиада ойындары өткен Трентино (2013) мен Гранада (2013) қалалары Ұлыбританияға жақын болғандықтан, спортшылар үшін аса таңсық болмаған. Ал, Алматыдағы жарыс біздерге өте қызыққа толы болмақ. Ұлыбритания құрамасы Универсиадаға қатысушылардың барлығына ұмытылмастай қызықты сәттер тілейді. «Біз 2017 жылғы Универсиадада, 2018 және 2022 жылғы Олимпиададағы негізгі қарсыластарымызбен жолығуға асықпыз».

Германия студенттік спорты федерациясының бас хатшысы Кристов Фишер: «Барлық спортшылар мен Германия спорт федерацияларының өкілдері Алматыға баруды асыға күтуде. Біз Алматыдағы барлық қарлы әрі мұзды спорттарға арналған нысандардың озық екеніне тәнтіміз.

Спорт нысандарының Атлетикалық қалашыққа жақын орналасуы Алматыдағы Универсиаданың өзгелерге ұқсамайтынын аңғартады. Барлық спортшылар мен спорт делегаттары 2017 жылғы Универсиаданы ұзақ есінде сақтайтын болады.

Германия құрамасы сапында 40 атлет бар. Олар Универсиада алдында 2015/2016 қысқы маусымында өз тәжірибелерін арттыруда. Олардың кейбіреулері Әлем кубоктары мен Еуропа және ұлттық серияларда өнер көрсетті.

Біз барлық спортшыларға тек сәттіліктер тілеп, әлем спортшылары бір-бірінен үйренерлері көп деп үміттенеміз.Алматыдағы ірі додада спортшылар дін, діл, ұлт демей, барлығы бір атаның балаларындай күй кешеді деп ойлаймыз».

Оңтүстік Корея Олимпиада комитеті директорының орынбасары Чхве Мин Ген: «Біз Алматыға келуді, қала туралы көптеп біліп, Қазақстанда естен кетпес оқиғаларды бастан кешіруді тағатсыздана күтіп жүрміз. Біз дәстүрлеріміз жайлы ақпарат алмасып, Алматыда үлкен тәжірибе жинақтаймыз деп үміттенемін. Оңтүстік Корея елінен нақты қанша спортшының жарысқа қатысатыны белгісіз, дегенмен 150-ге жуық спортшы Алматыға келеді деп жоспарлап отырмыз. Біз Алматыдағы Универсиада жарысының жақсы ұйымдастырылатына сенеміз және ұйымдастырушы комитет пен ерктілердің көмегіне үміт артамыз. Оңтүстік кореялық спортшылар  барлық қатысушыларға сәттілік тілейді, әртүрлі діни-наным, әдет-ғұрыптағы спортшылармен етене араласып, жаңа достарды табуға үміттенеді».

Жолдаған: Рауан Оқас