«Ақтөбе» бас жаттықтырушысын ресми түрде таныстырды

О Сансызбай Корреспондент
«Ақтөбе» бас жаттықтырушысын ресми түрде таныстырды
Фото ©️ vk.com

«Ақтөбе» футбол клубы жаңадан келген бас жаттықтырушысы Юрий Уткельбаевты ресми түрде таныстырды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Жаңа бапкерді Ақтөбе облысының спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Ескендірбек Маханов таныстырды. Ол жаңадан келген Юрий Әнуарұлының тәжірибесі мен білімі жоғары екенін айта келіп, жұмысына сәттілік тіледі.

- Өздеріңіз білетіндей Юрий Әнуарұлы ұзақ уақыт бойы қазандық «Рубинде» қызмет атқарды. Біздің жаңа бапкер Құрбан Бердыевпен жұмыс жасаған. Бұл көп нәрсені білдіреді. Сіздің алдыңызда облыс әкімі үлкен міндет қойды, ол жастармен жұмыс жасауға басымдық беру. Оның біліктілігіне ешқандай күмәніміз жоқ, сондықтан «Ақтөбе» футболының игілігі үшін барлықтарыңызға жаңа бапкерді қолдауға шақырамын, - деді Ескендірбек Маханов.

Өз кезегінде «Ақтөбенің» жаңа бапкері клуб басшылығына сенімі үшін алғысын айтып, ақтөбелік жанкүйерлерді команданың ойынымен қуанту үшін командаға бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Олег Нечаев пен Константин Дементьев бас жаттықтырушының көмекшісі қызметін атқарады.

Айта кетейік, осыған дейін «Ақтөбе» футбол клубы сапынан белді ойыншылардың көпшілігі кететіні хабарланған болатын. Клуб ойыншыларының жалақысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жағасын ұстатқан-ды. Облыс әкімінің айтуынша, кейбір легионерлердің айлығы 57-67 мың еуро көлемінде болған. Мәселен, Андерсон Сантана – 61 мың АҚШ доллары, Маркос Пиззели – 75 мың АҚШ доллары, Данило Сирино – 57 мың еуро, Данило Неско – 67 мың еуро айлық алып келген.