Қанат Ислам кезекті жекпе-жегін қарашада өткізеді

О Сансызбай Корреспондент
Қанат Ислам кезекті жекпе-жегін қарашада өткізеді
Фото ©️ massaget.kz

Кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген қазақстандық боксшылардың бірі Қанат Ислам 7 қараша күні спорттық мансабындағы 20-шы жекпе-жегін өткізеді. Отандасымыздың қарсыласы – мексикалық Алексис Камачо.

БӨЛІСУ

Мексикалық боксшы кәсіпқой шаршы алаңда 26 кездесу өткізген. Оның 5-де жеңіліс тапса, 21 жекпе-жегінде қарсыластарынан басым түскен. Ал 2012 жылы кәсіпқой боксқа бет бұрған Қанат Ислам 3 жыл көлемінде 19 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның 16-да отандасымыз қарсыласын нокаутқа жіберіп, мерзімінен бұрын аяқтаған.

34 жастағы мексикалық боксшы мен Қанат Ислам арасындағы жекпе-жек АҚШ-тың Майами қаласында өтеді. Кездесу 10 раундқа жоспарланған. Отандасымыз бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағын екінші рет қорғайды.

Қанат Ислам 7 айдан кейін шаршы алаңға оралып отыр. Соңғы рет наурыз айында Колумбияда жергілікті боксшы Орландо Хесус Эстраданы төртінші раундта жеңген еді. 

Айта кетейік, жақында ғана Қанат Ислам әлемдегі жетекші промоутерлік ұйымдардың бірімен келісімшартқа қол қоятыны туралы айтылған болатын. Әзірге бұл туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.