Нұрмахан Тыналиев екінші рет Азия чемпионы атанды

О Сансызбай Корреспондент
Нұрмахан Тыналиев екінші рет Азия чемпионы атанды
Фото ©️ confederation.kz

Күрес түрлерінен Катар астанасы Дохада өткен Азия чемпионатының соңғы күнінде отандасымыз Нұрмахан Тыналиев (грек-рим күресі) қарсыластарының жауырын жер иіскетіп, алтыннан алқа тақты.

БӨЛІСУ

Қазақстандық балуан шешуші белдесуде қытайлық Киан Менаны 3:2 есебімен жеңді. Нәтижесінде 27 жастағы отандасымыз екінші рет Азия чемпионатында чемпион атанды. Нұрмахан 2013 жылы Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында алдына жан салмаған болатын.

Нұрмахан Тыналиевтен өзге балуандарымыз да жүлдесіз қайтқан жоқ. Осыған дейін Нұрсұлтан Тұрсынов күміс жүлдегер атанған еді.

66 келі салмақ дәрежесінде күрескен Демеу Жадыраев алғашқы айналымда жапониялық Такеши Ицуми ұтса, жартылай финалда ирандық Мохаммадали Абдолхамид Гераиға жол берді. Қола жүлде үшін болған кездесуде өзбекстандық Асрор Мухитдиновті 10:1 есебімен жеңді.

Жасұлан Қошанов (80 келі) іріктеу кезеңінде жапониялық Масато Суми, ал ширек финалда қырғыз Данияр Қобоновтан басым түскен. Алайда, жартылай финалда жерлесіміз қытайлық Айша Айшанға есе жіберген. Осылайша қола медаль үшін болған кездесуде Жасұлан үнділік Нарсингх Панды ұтқан.

98 келі салмақта сынға түскен тағы бір палуанымыз Марғұлан Әсембеков ширек финалда Иордания елінің палуаны Яхья Абатаби жеңіп, бірақ жартылай финалда ирандық Махди Алиярифейзабадиден өте алмады. Ал, қола медаль үшін күресте Марғұлан қырғыз Бексұлтан Махмұдовтан басым түсті.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы екінші орын алды. Бірінші орынды Иран балуандары иеленсе, үшінші орыннан Қытай құрамасы көрінді.