Қазақстандық боксшылар Белградтан олжалы оралды

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық боксшылар Белградтан олжалы оралды

Қазақстандық боксшылар Сербия астанасы Белградта 53-ші рет ұйымдастырылған «Belgradе Winner» халықаралық турнирінен олжалы оралды. Отандастарымыз 4 алтын, 1 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.

БӨЛІСУ

Дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан додаға биыл 20 елден 116 былғары қолғап шебері қатысты. Еліміздің атынан бұл додаға Марат Елеусінов жаттықтыратын алты боксшы аттанған болатын. Олардың бесеуі жүлделі орыннан көрініп қайтты.

Өз салмақ дәрежелерінде Азат Махметов (52 келі), Жанболат Тілегенұлы (56 келі), Рустам Сваев (75 келі) және Нұржан Бекзатов (+91 келі) жеңіс тұғырынан көрінсе, Нұрбол Алтаев (81 келі) қола жүлдені қанағат тұтты. Ал 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жақсылық Ілиясов бірінші жекпе-жегінде Нидерланды елінің боксшысына есе жіберіп алды.

Қазақстандық боксшылар жоғары деңгейде жұдырықтасумен қатар, көрермендерге тартысты кездесулерді ұсынды. Мәселен, Рустам Сваев пен шаршы алаң иесі Александр Дреновак арасындағы шешуші кездесу мамандар тарапынан жоғары бағаланып, қос спортшы жарыстың үздік боксшылары атанды.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасынан кейінгі орындарға Молдава мен Шотландия құрамалары тұрақтады. 

Сурет: eubcboxing.org