Бүгін еурокубок ойындарының жеребесі тартылады

О Сансызбай Корреспондент
Бүгін еурокубок ойындарының жеребесі тартылады

Бүгін футболдан еурокубок ойындарының (Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы) жеребесі тартылады. Салтанатты шара Швецарияның Ньон қаласында өтеді.

БӨЛІСУ

Осыған дейін Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан төрт клуб анықталып үлгерсе, түнде өткен ойындар қорытындысы бойынша Еуропа лигасының да жартылай финалына шыққан ұжымдар анықталды.

Италияның Флоренция қаласында өткен ойында «Фиорентина» киевтік «Динамоны» екі доп басымдығымен жеңіп, жартылай финалға шықты. Ал Неапольда «Наполи» неміс ұжымы «Вольфсбургпен» 2:2 есебімен тең тарқасты. Нәтижесінде қос кездесу қорытындысы бойынша Рафаэль Бенитес командасы 6:3 есебімен келесі кезеңге өтті.

Ресейлік «Зенит» өз алаңында Испанияның «Севилья» клубымен тең тарқасты. Ойында 2:2 есебі тіркелді. Бірінші ойында испандық ұжым 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Өткен маусымда чемпион атанған Унай Эмери командасы өз атақтарын абыроймен қорғап келеді.

Украиналық клубтар қатарынан «Днепр» жартылай финалға жетті. Бірінші ойында «Брюггемен» 0:0 ойнаған «Днепр» өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Бүгін Еуропа лигасы мен Чемпиондар лигасының жеребесі Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады. Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы бірінші ойындар 5-6 мамырда өтсе, қарымта кездесулері 12-13 мамырға жоспарланған. Шешуші ойын (финал) 6 маусым күні Берлиндегі «Олимпиадалық» стадионда өтеді.

Ал Еуропа лигасының жартылай финалындағы бірінші ойындар 7 мамырда өтсе, қарымта кездесулері 14 мамырға жоспарланған. Бұл доданың финалын Польша астанасы Варшава қабылдайды.

Сурет: flickr.com