Чемпиондар лигасы. Мадридтік дербиде кім жеңіске жетеді?

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар лигасы. Мадридтік дербиде кім жеңіске жетеді?

Бүгін футболсүйер қауым асыға күткен Чемпиондар лигасының ширек финалындағы бірінші ойындар басталады. Мадридте жергілікті «Атлетико» мен «Реал» кездессе, Туринде «Ювентус» «Монаконы» қабылдайтын болады.

БӨЛІСУ

«Ювентус» жеңілмейді деп күтілуде

Жартылай финалдың бір жолдамасына туриндік «Ювентус» пен «Монако» таласады. Бірінші ойын бүгін түнде Италияда өтеді. Массимилиано Аллегри баптайтын ұжым фаворит саналуда. Екі ұжым үшін де жартылай финалға шығу үлкен жетістік саналады. Себебі, қос ұжым да соңғы 10 жылға жуық аралықта жартылай финалға жетпеген.

Туриндік клубтың соңғы ойындары жанкүйерлерінің көңілінен шығып жүрген жоқ. Десе де ішкі біріншілікте ертерек алтын жүлдеге қол созып үлгерді. ХХХ турда «дағдарысқа ұшыраған» «Пармадан» ұтылып қалды. Бірақ, барлық негізгі құрам ойыншылары шыққан жоқ. Сонымен қатар, осыған дейін жарақатына байланысты алаңға шыға алмай жүрген «Ювентус» көшбасшыларының бірі - Андреа Пирло кездесуге қатысуға дайын.

Бүгін түндегі ойында «Ювентус» жеңілмейді деп күтілуде. Букмекерлік орталықтар «Ювентус» жеңісіне – 1,56 коэффициент, тең ойынға – 3,83 коэффициент, «Монако» жеңісіне – 7,75 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады.

«Атлетико» «Реал» ойын жүйесін жаттап алған ба? 

Диего Симеоне шәкірттері өткен маусымдағы Чемпиондар лигасының финалында «корольдік клубқа» жеңіліп қалғаннан кейін, өшігіп алған секілді. Содан бергі аралықтағы алты ойында да «Атлетико» қарсыластарына есе жіберіп көрген жоқ. Тіпті, өз алаңындағы соңғы ойында 4:0 есебімен ойсырата ұтты.

«Атлетико» ойыншылары «Реалға» қарсы қалай ойлауды жақсы түсінетіндей. Соңғы кездесулерінде ойындары сылбыр тартқанмен, Диего Симеоне шәкірттерінің ішіне тартып тұрған бір демі бар секілді. Десе де «Реалды» да ешкім аутсайдер деп атамайды.

Бүгін екі клуб сапында да жарақат алған немесе ойыннан шеттетілген футболшылар жоқ. Сондықтан да қос бапкер негізгі құрамын алаңға шығаратын болады. Қай бапкердің ұстанған жүйесі өз жемісін берерін ойында байқайтын боламыз.

Криштиану Роналду «Атлетикоға» қарсы ойында гол соғар болса, Чемпиондар лигасы тарихындағы үздік сұрмергендер көшін бастайтын болады. Сонымен қатар, португалдық ойыншы бұл доданың плей-оф кезеңінде ең көп гол соғып рекорд орнатқан. Еншісінде 37 гол бар. «Реал» жанкүйерлері бүгін түнде Роналдудан тағы да гол күтері айтпаса да белгілі.

«Атлетико» чемпиондық атақтан ерте бас тартқандай. «Реалдан» 7 ұпайға қалып келеді. Букмекерлік орталықтар «Атлетико» жеңісіне – 2,83 коэффициент, тең ойынға – 3,25 коэффициент, «Реал» жеңісіне – 2,7 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады.

Жанкүйер қауым асыға күткен кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар. Ойынға серб төрешісі Милорад Мажич қазылық жасайды.

Сурет: youtube.com, vk.com