Кирилл Павловқа әлем чемпионатының қола жүлдесі кешігіп бұйырмақ

О Сансызбай Корреспондент
Кирилл Павловқа әлем чемпионатының қола жүлдесі кешігіп бұйырмақ

2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында төртінші орын алған отандасымыз Кирилл Павловқа дүбірлі доданың қола жүлдесі бұйырмақ. Себебі, алтын медальды жеңіп алған албан елінің спортшысы Даниел Годеллидің допинг қабылдағаны анықталып отыр.

БӨЛІСУ

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы осыған дейін де әлем чемпионатына қатысқан спортшылардың «А» сынамасы қорытындысы бойынша, Албанияның үш зілтеміршісі допинг қолданғаны туралы хабарлаған болатын. Егер «Б» сынамасында да бұл спортшылардың допинг қолданғандары анықталар болса, жүлделерінен айырылып, спорттан уақытша шеттелетіні айтылған-ды. Нәтижесінде үш спортшының «Б» сынамасы да теріс нәтиже беріп отыр. Енді Даниел Годелли мен Бегая Ромела спорттан екі жылға, ал Хусейн Пулаку сегіз жылға (спорттық мансабында екінші рет допинг қолданған) шеттетілді. Албания тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанған Даниел Годеллиден өзге екі спортшы жүлделі орыннан көрінген жоқ. Мұндай ақпаратты қытайлық хinhuanet.com порталы таратып отыр.

Спортшыларға рұқсат етілмеген дәрумен қолданғаны үшін Даниел Годеллидің жүлдесі кері қайтарылатын болады. Нәтижесінде 77 келіге дейінгі алтын жүлде қытайлық Чжон Гошуньге, күміс корей жігіті Ким Кван Сонға, ал қола қазақстандық Кирилл Павловқа бұйырады. Сонымен қатар, отандасымыз серпе көтеруде кіші қоланы иеленеді. 

Үш спортшының спорт істері бойынша төрелік ететін сотқа (CAS) шағым түсірулеріне 21 күндей уақыт бар. Егер CAS бұл өтініштерін қабылдамаса, немесе дұрыс емес деп тапса, IWF шешімі заңды түрде күшіне енетін болады. 

Әлем біріншілігіндегі 77 келіге дейінгі зілтеміршілердің жаңа нәтижелері:

Даниел Годелли (Албания) - 369 (171+198)

1. Чжон Гошунь (Қытай) - 367 (171+196)

2. Ким Кван Сон (Солтүстік Корея) - 363 (163+200)

3. Кирилл Павлов (Қазақстан) - 352 (157+195).

Сурет: almaty2014iwf.com