Қазақстан құрамасының қысқы Универсиададағы қарқыны жоғары

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстан құрамасының қысқы Универсиададағы қарқыны жоғары

Испанияның Гранада қаласында өтіп жатқан ХХVII қысқы Универсиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны 2 алтын, 1 күміс жүлдемен толықты. Фристайлдың могул сынында бақ сынаған отандастарымыз алдына жан салмады.

БӨЛІСУ

Әйелдер арасында 66,00 ұпай жинаған Юлия Галышева алтыннан алқа тақты. Сочи Олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғаған спортшы бұл жарыста фавориттердің қатарында болатын. Күміс ресейлік Марика Пертахияға (59,90 ұпай) бұйырса, қоланы оңтүстік кореялық Со Чжи Вон (51,86 ұпай) жеңіп алды.

Могулден ерлер арасында бақ сынаған спортшыларымыз бірінші және екінші орындарды өзара бөлісті. Павел Колмаков 72,45 ұпаймен алтын медальды иеленсе, 68,73 ұпаймен Дмитрий Рейхард күміс жүлдегер атанды. Қола ресейлік Сергей Шимбуевке бұйырды.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға нықтап орналасып келеді. 5 алтын, 5 күміс жүлде иеленген отандастарымыздан кейінгі орынға 2 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль жеңіп алған Польша құрамасы орналасқан. Ал 14 алтын, 13 күміс, 14 қола еншілеп үлгерген Ресей құрамасы көштен қара үзіп кеткен. 

Естеріңізде болса, Қазақстан құрамасы 2013 жылы Италияның Трентино қаласында өткен ХХVІ қысқы Универсиадада 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 15-ші орынға тұрақтаған-ды.

Айта кетейік, ХХVII қысқы Универсиада ойындары 26 қаңтар күні Словакияда басталған еді. 1 ақпаннан бастап Гранадада (Испания) жалғасқан жарыс 14 ақпан күні мәресіне жетеді.

Сурет: granada2015.org

Оқи отырыңыз

Қазақстан құрамасы қысқы Универсиадада көш бастады

Қысқы спорт түрлері арықтауға көмектеседі

2015 жылы қысқы спорт түрлерінен өтетін ірі додалар

ХОК бағалау комиссиясы Алматыға ақпан айында келеді