«Реал» жеңілді, Роналду – үздік емес

О Сансызбай Корреспондент
«Реал» жеңілді, Роналду – үздік емес

Футболдан Испания кубогының 1/8 финалында кездескен мадридтік клубтар «Атлетико» мен «Реал» арасындағы кездесуде 2:0 есебі тіркелді. «Висенте Кальдерон» стадионында өткен ойында алаң иелерінің мысы басым болды.

БӨЛІСУ

Карло Анчелотти жаттықтыратын «корольдік клуб» үшінші ойын қатарынан «Атлетикоға» ұтылды. Бәлкім, Диего Симоене шәкірттері Чемпиондар лигасының финалындағы есесін әлі қайтара алмай жүрген де секілді. Соңғы үш ойын қатарынан жеңіске жеткен «Атлетико» өз тарихында 64 жылдан кейін ғана бұл жетістікті қайталап отыр. Осы уақыт аралығында бұл команда бірде-бір рет «Сантьяго Бернабеу» стадионының иелерін үш рет қатарынан жеңе алмай келген еді.

«Атлетико» жақында ғана өз қатарларына қайта қосқан Фернандо Торресті алаңға шығарды. Шабуылшының командаға қайта оралуы клуб жанкүйерлерін бір қуантып тастағандай. Өйткені, Эль Ниньо (Торрестің лақап аты) спорттық мансабындағы ең сәтті кезеңін осы клуб қатарында өткізді. Қайта оралған Торрес есімі жазылған жейделердің 1 сағатта 222 данасы сатылған. Бірақ, «Реалға» қарсы бірінші ойында футболшы жанкүйерлерін аса қуанта қоймады. Оның қанша жүгіріп, допқа таласқанымен, алаңдағы ойынынан нәтиже шықпады. 59 минутта оның орнына Коке шықты.

Түнде өткен ойында «Реалдың» көшбасшысы Криштиану Роналду қосалқы құрамда қалып қойды. Бас бапкер оны негізгі құрамда шығармады. Тек қақпаларына бір гол соғылғаннан кейін ғана португалдық футболшы ойынға араласты. Бірақ, одан еш нәтиже шыққан жоқ. Қайта қақпаларына екінші гол кірді. 33 минут ішінде Роналду алаң иелерінің қақпасына бірде-бір рет нәтижелі соққы бағыттай алмады. Нәтижесінде «Алтын доптан» басты үміткер футболшы ойындағы ең нашар өнер көрсеткен теңбіл доп тарландарының қатарынан орын алды. Естеріңізде болса, үш күн бұрын «Алтын доптан» тағы бір үміткер ойыншы Лионель Месси де екінші таймда алаңға шығып, командасына көмектесе алмаған еді.

«Атлетико» стандартты жағдайларға баса мән беретін ұжымдар қатарынан. Осы маусымның өзінде стандартты жаттығу жұмыстарының арқасында 23 гол соғыпты. Оның екеуі түнде Кейлор Навас қорғаған қақпаға соғылды. Біріншісінде Рауль Гарсия пенальтиді сәтті орындаса, екінші голды Хосе Хименес бұрыштамадан асырылған пастан кейін соқты. Осылайша Испания чемпионатының өткен турында «Реалдың» 22 ойынға созылған жеңісті сериясы жалғаспай қалса, енді Испания кубогы ойындарындағы 10 ойынға созылған жеңісті кездесулеріне нүкте қойылды.

Сурет: lr-online.de