«Реал» мен «Барселона» 2015 жылды жеңіліспен бастады

О Сансызбай Корреспондент
«Реал» мен «Барселона» 2015 жылды жеңіліспен бастады

Әйгілі мадридтік «Реал» мен каталондық «Барселона» 2015 жылғы ішкі біріншіліктегі алғашқы кездесулерін жеңіліспен бастады. Сырт алаңда ойнаған екі клуб та қарсыластарына бір доп айырмашылығымен есе жіберді.

БӨЛІСУ

«Месталья» стадионында өткен кездесуде «корольдік клубтың» жолы болмады. Бірінші таймда Криштиану Роналдудың пенальтиден соққан голынан кейін «Реал» алға озған болатын. Бірақ, екінші таймда «Валенсия» ойыншылары белсенділік танытып кетті. 52-ші минутта Антонио Баррагана таразы басын теңестірсе, араға 15 минут сала Николас Отаменди алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голды соқты. Нәтижесінде Карло Анчелотти шәкірттерінің 22 кездесуге созылған жеңісті кездесулеріне нүкте қойылды. «Реал» соңғы рет өткен жылдың 13-ші қыркүйегінде мадридтік екінші клуб «Атлетикоға» ұтылған болатын.

Каталондық «Барселона» да ішкі біріншілікте топ бастайтын тамаша мүмкіндігін жіберіп алды. Сан-Себастьянда жолы бола бермейтін ұжым Жорди Альбаның өз қақпасына соққан голына жауап қата алмады. Луис Энрике жаңа жүйе ұстанып, «Реал Сосьедадты» жеңуді көздеген еді. Бірақ, бірінші таймда Месси мен Неймардың алаңда жоғы айқын сезілді. Екінші таймда екі футболшы да ойынға шыққанымен, ойындағы нәтижеге өзгеріс енгізе алмады. Айта кетейік, алаң иелерін бұрынғы «Манчестер Юнайтед» бапкері Дэвид Мойес жаттықтырады.

Сурет: өңделген