«Astana Arlans» клубына директор тағайындалды

О Сансызбай Корреспондент
«Astana Arlans» клубына директор тағайындалды

Бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғап жүрген «Astana Arlans» клубының директоры болып тағайындалды.

БӨЛІСУ

Бұл қызметті осыған дейін Болат Манкенов атқарып келген болатын. Жақында бокс маманы өз еркімен арыз жазып, орнын босатқан-ды. Кейіннен екі жылдан бері клубты жаттықтырып келген Сергей Корчинский де өз еркімен қызметін кеткен. Бүгін директорлық қызмет Серік Сәпиевке табысталса, бас бапкер болып кім келетіні белгісіз қалып отыр. Соңғы ақпараттар бойынша бұл қызметке ҚР еңбегі сіңген бапкер, ұлттық құрама жаттықтырушысы Марат Жақиев келуі мүмкін деп те айтылуда.

Қазір Серік Сәпиев Ұлыбританияда спорт менеджері саласында білімін шыңдап жүр. Бүгін бұл ақпаратты хабарлаған «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының өкілі Дархан Қалетаевтың айтуына қарағанда, Серік «Astana Arlans» клубын басқаруға келісімін берген. Жыл соңында ол жаңа қызметке кірісетін болады.

Олимпиада ойындарының лицензиясы таратылатын WSB жобасының бесінші маусымы қаңтар айында басталады. Осыған дейін тартылған жеребе бойынша «Astana Arlans» клубы «В» тобына түскен. Олардың бұл топтағы қарсыластары:«Argentina Condors» (Аргентина), «Venezuela» (Венесуэла), «USA KnocKouts» (АҚШ), «Italia Thunder» (Италия), «Azerbaijan Baku Fires» (Әзірбайжан) және «Poland Hussars» (Польша) клубтары. Команда жаттығу жиындарын желтоқсан айында бастайды.

Сурет:kapital.kz