«Жас Барыс» жалауын желбіретеді

О Сансызбай Корреспондент
«Жас Барыс» жалауын желбіретеді

5 қараша күні Павлодар қаласында қазақ күресінен балалар, жасөспірімдер және жастар арасында «Жас Барыс» атты ІІІ республикалық турнир басталады. Бұл туралы facebook әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан Барысы» турнирінің ресми парақшасы хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Үш күнге созылатын жарыс болашақ «Қазақстан Барысы», «Еуразия Барысы» және «Әлем Барысында» білекті балуандардың ысылып шығуына бірден-бір септігін тигізер дода екені рас. Бұл жарысқа Қазақстанның 14 облысынан және Алматы, Астана қалаларынан 400-ге жуық жас балуандар қатысады. Іріктеу сындарын әр өңірде облыстық қазақ күресі федерациясы мен жергілікті дене шынықтыру және спорт басқармалары өткізген. «Жас Барыс» республикалық турнирінің ақтық сынына қатысушы балалар, жасөспірімдер мен жастар қалалық және облыстық деңгейде жеңімпаз атанған балуандар.

Турнирге қатысушылар жас ерекшеліктері бойынша үш топқа бөлініп өнер көрсетеді:

14-15 жасқа дейінгілер арасында 38 келі, 42 келі, 46 келі, 50 келі, 55 келі, 60 келі, 66 келі, 73 келі, +73 келі салмақ дәрежесінде;

– 16-17 жасқа дейінгілер арасында 46 келі, 51 келі, 57 келі, 64 келі, 72 келі, 81 келі, +81 келі;

– 18-19 жасқа дейінгілер арасында 55 келі, 60 келі, 70 келі, 80 келі, 90 келі, +90 келі:

«Жас Барыс» турнирі Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт кешенінде өтеді. Кіру тегін.

Ұйымдастырушылар – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР қазақ күресі федерациясы, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры.

Жас балуандардың боз кілемдегі жетістігі қазақ күресіне деген құлшынысын арттырып, ширықтыра түсері анық. Байрақты бәсекелерде ел намысын қорғайтын апайтөс балуандарымыздың жас буын арасынан шықпасына кім кепіл?! Ұлттық спортымызды әспеттеудегі «Жас Барыс» турнирінің маңызы жоғары.  

Сурет: facebook.com