Гран-При. Әзиз Қалқаманұлы – қола жүлдегер!

О Сансызбай Корреспондент
Гран-При. Әзиз Қалқаманұлы – қола жүлдегер!

Дзюдодан Астанада өтіп жатқан әлемдік Гран-Приде 81 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Әзиз Қалқаманұлы қола жүлдегер атанды, - деп хабарлайды massaget.kz сайты.

БӨЛІСУ

Бүгін «Сарыарқа» велотрек кешеніндегі татами төріне шыққан дзюдошыларымыздың ішінде Әзиз Қалқаманұлы ғана жүлделі орынға ие болды. Қола жүлде үшін белдесуде жерлесіміз черногориялық Срван Мрвалевичтен басым түсті.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын 1 күміс 2 қола жүлде бар. Алғашқы үш жүлде еншімізге кеше бұйырған болатын. 60 келіге дейінгі салмақта Елдос Сметов топ жарса, 66 келі салмақ дәрежесіне дейін өнер көрсеткен Жансай Смағұлов күміс жүлдені қанағат тұтқан-ды. Тағы бір қола Асхат Телмановқа (60 келі) бұйырған еді. Бүгінгі нәтиже бойынша отандастарымыз жалпыкомандалық есепте екінші орынға түсті. 1 қола жүлдесі артық моңғолдар бірінші орынға көтерілді. Үштікті 1 алтын 1 күміс 1 қола жүлделері Израиль мен Аустрия құрамалары қорытындылап тұр.

Ертең жарыстың соңғы күні өтеді. Ерлер бәсекесінде 90 мен 100 келіге дейін, және 100 келіден жоғары салмақтағы дзюдошылар татамиге шықса, әйелдер арасында 78-ге дейін, 78-ден жоғары салмақтағы спортшылар жүлделерді сарапқа салатын болады.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: @massaget.kz