Спорттағы ең қымбат брендтер анықталды

О Сансызбай Корреспондент
Спорттағы ең қымбат брендтер анықталды

Forbes журналы 2014 жылғы спорттағы ең танымал қымбат брендтердің рейтингін жариялады. Олар бұл есептеуді төрт санатқа бөліп қарастырған.

БӨЛІСУ

Спорттағы ең қымбат брендтер рейтингі спортшылар, компаниялар, жарыстар мен командалар негізінде жарияланған. Спортшылар арасында бірінші орынға баскетболшы Леброн Джеймс көтерілді. Журнал ақпараты бойынша, оның бренд құны 37 миллион АҚШ долларын құрайды екен. Ал екінші орынға гольфшы Тайгер Вудс (36 миллион доллар) жайғасты. Ол бұл рейтингте 2007 жылдан бері бірінші рет екінші орынға сырғып отыр. Үштікті танымал теннисші Роджер Федерер қорытындылады. Сонымен қатар, алғашқы ондыққа гольфшы Фил Микельсон, крикетші Махендра Сингх Дхони, желаяқ Усейн Болт, футболшы Криштиану Роналду, баскетболшы Коби Брайант, футболшы Лионель Месси және теннисші Рафаэль Надаль еніп отыр.

Спорттық компаниялар арасындағы ең қымбат брендтер тізімінің көшін «Nike» бастап тұр. Олардың құны 19 миллиард долларға бағаланған. Екінші орында «ESPN» (16,5 миллиард доллар) болса, үшінші орын «Adidas» (5,8 миллиард доллар) компаниясына тиесілі болып отыр.

Ең бағалы спорттық шаралар рейтингінің бірінші орнын Супер Боул (құны - 500 миллион доллар) бастаса, Жазғы Олимпиада ойындары (348 миллион доллар) мен Қысқы Олимпиада ойындары (285 миллион доллар) одан кейінгі екі орынға жайғасқан. Ал футболдан өтетін әлем чемпионаты болса, 170 миллион доллармен төртінші орында тұр.

Командалар арасындағы ең қымбат брендтер тізімін «Нью-Йорк Янкиз» (521 миллион доллар) бейсбол клубы бастады. Екінші орында мадридтік «Реал» (484 миллион доллар) келеді. Ал үштікті олардың басты қарсыласы – каталондық «Барселона» (438 миллион доллар) қорытындылап тұр. Ал ағылшындық «Манчестер Юнайтед» (399 миллион доллар) «Даллас Ковбойздан» (404 миллион доллар) кейін бесінші орыннан көрінді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: wallimgs.com