УЕФА «Легияны» кешіре ме?

О Сансызбай Корреспондент
УЕФА «Легияны» кешіре ме?

Қазақстандық «Ақтөбе» клубына Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде қарсылас атанған Польшаның «Легия» командасы «Селтикке» қатысты техникалық жеңілістің күшін жою үшін УЕФА-ның тәртіптік-бақылау комитетіне шағым түсірмек. Ал қабылданған шешімнің кері қайтуы екіталай екені белгілі.

БӨЛІСУ

- Клуб бұл жағдайға байланысты жауап беру үшін техникалық жеңілісті қайта қарауды өтінетін болады. Жағдай жабық түрде қаралды. Жабық түрде қабылданды. Біз қателік жасадық, кешірім сұраймыз. Бірақ, кесілген жаза ақылға сыймайды. Біз соңына дейін күресеміз, - деп хабарлап отыр клуб қожайындарының бірі. Бірақ, өзгеге де сабақ болуын ескерте кеткен УЕФА қайта кешіріммен қарар ма екен?

Естеріңізге сала кетсек, екі клуб арасындағы алғашқы кездесуде «Легия» 4:1 есебімен жеңген болатын. Кешегі ойында да олар екі доп басымдығымен жеңіп тұрған-ды. Бапкерлер қосыны қателігінен кейін қара басып, Еуропа лигасына түсті. Кей ақпарат көздері мұны әдейі жасалған шешім ретінде бағалап отыр. Өйткені, бапкерлердің келесі ойынға қатысуға мүмкіндігі жоқ ойыншыларды ескермеуін мүмкін емесін баса жазуда. Осылайша «Ақтөбемен» жолы түйіскен «Легия» туралы айта отырайық.


«Легия» - Польшаның ертеден келе жатқан клубтарының бірі. Нақтырақ айтсақ, 1916 жылы негізі қаланған. Экстракласа чемпиондығы атағын 11 рет иеленген. Ел кубогын 16 рет жеңіп алған. Соңғы екі жылда клубтың ойын жүйесі жақсарып, чемпиондықты иеленіп келеді. Өткен маусымда «Легия» Еуропа лигасының топтық кезеңіне өткен. «J» тобында бақ сынап «Аполлонға» қарсы бір кездесуде ғана жеңіске жетіпті. Ал қалған «Трабзонспор» мен «Лациоға» қарсы ойындарда, кипрлік клубқа қарсы екінші кездесуде тек ұпай таратумен шектелген.

Команданың капитаны қызметін хорватиялық легионер Ивица Врдоляк атқарады. Ал клубтың танымал ойыншылары қатарына Артур Боруцтан бастап қазіргі таңда ойнап жүрген Владимир Двалишвили де еніп отыр. Әсіресе, соңғысының есімі қазақ жанкүйерлеріне таныс десек болады. 2009 жылы Хайфаның «Маккабиінде» ойнаған грузиялық легионер «Ақтөбе» қақпасына қос гол соққан болатын. Бас-аяғы 15 минутта үш гол соққан жерлестеріміз ойын соңына дейін жеңісті уыста сақтап қала алмаған-ды. Сол ойында бірден-бір белсенген ойыншылардың бірі осы Двалишвили болатын. 

«Легияны» норвегиялық бапкер Хеннинг Берг жаттықтырады. Осы жылы ғана қызметке тағайындалған. Оған дейін Англияның «Блэкберн Роверс», және өз елінде «Лиллестрем» мен «Люн» клубтарын баптаған. Футбол ұжымы өз алаңындағы ойындарын «Пепси-Арена» деп аталатын 30 000 жанкүйерге арналған стадионда өткізеді.

Осыған дейін плей-офф кезеңіндегі кездесуді «Ақтөбе» өз алаңында өткізе алмайтыны туралы ақпарат шыққан болатын. Кейіннен УЕФА ойынның Қобыланды батыр атындағы стадионда өтуге рұқсат берді. Қос клуб арасындағы бірінші кездесу 21 тамыз күні өтсе, қарымта кездесу араға бір апта сала Варшавада өтеді. «Стяуадан» кейінгі ойыннан қайтқан футболшылар аздап демалыс та алған болатын. Жаттығуларына жақын күндері кірісетін Владимир Газзаев шәкірттеріне сәттілік тілейміз.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: legia.com