Бүгін «Астана» мен «Шахтер» шешуші кездесулерін өткізеді

О Сансызбай Корреспондент
Бүгін «Астана» мен «Шахтер» шешуші кездесулерін өткізеді

Бүгін футболдан Еуропа лигасында ел намысын қорғап жатқан «Астана» мен «Шахтер» жарыс жолына шығады. Қос команданың да келесі кезеңге өтуге мүмкіндіктері бар.

БӨЛІСУ

«АИК» (Швеция) - «Астана» (Қазақстан)


Елордалық клуб бірінші кездесуде тәуір өнер көрсетті. Тек тең нәтиже тіркелді демесеңіз. Яғни, бұл есеп қонақтар үшін тиімді болды. Бүгін Станимир Стойлов шәкірттері қалай да болмасын «АИК» қақпасының саңылауын табуы тиіс. Есеп ашылмаған жағдайдың өзінде алаң иелері келесі кезеңге өтіп кетері белгілі. Терезесі тең қарсыластар арасындағы ойынға дәл болжам айту қиындау. Басты рөлді бас қазы атқарып кетуі де ғажап емес. Бастысы – «Астана» өз ойын жүйесінен жаңылмауы керек.  

Бас бапкер «Астанаға» қандай жүйе ұстануды ұсынар екен? Бірінші нөмірмен өнер көрсетуден бұрын, қауіпті қарымта шабуылға иек артса керек-ті. Өйткені, шабуыл шебіндегі Танат, Бауыржан мен Кетевоамаларға мүмкіндік беру керек. Еурокубок жарыстарында қазақстандық клубтардың түзде сәтті өнер көрсете алмай жүргені де белгілі. Осыны ескерген кей футбол мамандары Скандинавия түбегінің ұжымын келесі кезеңге шығады деп болжауда. Ал  біз «Астананың» плей-офф кезеңіне шығатынына қауқары жетеді деп есептейміз.

Букмекерлік орталықтар жерлестеріміздің шешуші ойында жеңіске жететініне сенімділік танытып отырған жоқ. «АИК»-тың жеңісіне – 1,8 коэффициент, тең ойынға – 3,6 коэффициент, «Астана» жеңісіне – 4,29 коэффицент беріп отыр. 

Астана уақытымен сағат 23:00-да басталатын кездесуді «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

«Хайдук» (Хорватия) – «Шахтер» (Қазақстан)


Қарағандылық клуб өз алаңында сплиттік команданы 4:2 есебімен тізе бүктірді. Сондықтан да Виктор Кумыков шәкірттеріне бүгін сақ ойнаған дұрыс, және қорғанысты басты назарға ұстай жүріп шабуылдаған абзал. Аса көп тәуекелге барудың қажеті шамалы. Өйткені, алаң иелері сөзсіз бірінші нөмірмен өнер көрсетері белгілі. Егер Қарағандыда өткен кездесудегідей жүйе ұстанар болса, «Шахтердың» жеңіске жетуіне мүмкіндік бар. Александр Симчевичтің қатарға қосылуы да команда үшін маңызды болары анық. Сонымен қатар, команда капитаны Андрей Финонченко аздаған жарақатына байланысты ойынға шықпай қалуы да мүмкін.

Кеше Сплитке жеткен қазақстандық клуб ойыншыларын жергілікті жанкүйерлер түнімен мазалаумен болған көрінеді. «Шахтер» командасы орналасқан қонақүйдің алдында «Хайдук» жанкүйерлері отшашу ұйымдастырып, клуб әнұрандарын орындаған. Өз кезегінде тәртіп сақшылары бұл іске араласпапты да. Қонақ команданың мазасын алу жергілікті жанкүйерлердің әдетіне де айналып кеткен екен.

Бүгінгі кездесуге француз төрешісі Тони Шапрон қазылық жасайтын болады. Алаң жиегінде оған Сириль Сент-Крик Ломпре мен Александр Виала көмектеседі.

Астана уақытымен сағат 23:30-да басталатын кездесу тікелей эфирде көрсетілмейді. Еуропа лигасында тәжірбие жинап үлгерген жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: shahter.kz, aladop.kz