«Зенит» жанкүйерлері жаза басты

О Сансызбай Корреспондент
«Зенит» жанкүйерлері жаза басты

Футболдан Ресей чемпионатының ХХIX тур ойындары аясында кездескен «Зенит» пен «Динамо» арасындағы кездесу жергілікті команда жанкүйерлерінің жаппай тәртіпсіздік жасауы салдарынан мерзімінен бұрын тоқтатылды. Енді алдағы уақытта тәртіптік-бақылау кеңесі өз шешімін шығаратын болады.

БӨЛІСУ

Ішкі біріншілігінде бір ұпай алда келе жатқан питерлік клуб ойынды тәп-тәуір бастаған-ды. Алтыншы минутта Мигель Данни командасын алға шығарды. Алайда, мәскеулік клуб 71-ші минутқа дейін «Зенит» қақпасына 4 бірдей допты тоғытты. Мұндай нәтижені күтпеген жергілікті жанкүйерлер стадионда түрлі отшашуларды ұйымдастырып, тәртіпсіздікке жол берді. 84 минутта Александр Кержаков есепті қысқартты. Кездесудің аяқталуына 5 минуттай уақыт қалғанда «Динамо» футболшыларының ойыны мен қақтығысына наразы болған жанкүйерлер жасыл алаңға басып кірді. Қонақтар ойыншыларына қол жұмсағандар да бар. Нәтижесінде, ойын мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ал жақында «Зенит» тізгінін ұстаған Андре Вилаш-Воаштың бұл алғашқы жеңілісі болып отыр. Әзірге, ойынға 2:4 есебі немесе 0:3 нәтижесі тіркелетіні белгісіз.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com