Головкин - Чавес арасындағы кездесу өтпейтін болды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Головкин - Чавес арасындағы кездесу өтпейтін болды

Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий (GGG) Головкин мен осы салмақ дивизионындағы әлемнің экс чемпионы кіші Хулио Сезар Чавес арасындағы кездесу мексикалық боксшының промоутерімен келісе алмағандығы себепті өтпейтін болып шешілді. Бұл туралы ақпаратты қос боксшының промоутерлері де растады.

БӨЛІСУ

Top Rank басшысы Боб Арумның сөзінше, екі команда арасындағы келіссөздер толықтай тоқтатылған. Оған себеп Хулио Сезар Чавес (48-1-1, 32 КО) Головкинмен жұдырықтасуға әдеттегіден көп қаражат сұраған. Ал Top Rank компаниясы оған көнбеген екен.

«Ол (Чавес) Головкинмен кездесу үшін адамның басына келмейтін ақша талап етті. Сондықтан біз бұл кездесуден бас тарттық»,-дейді Арум сөзіне сілтеме жасаған BoxingScene.com порталы.

Осыған дейін белгілі болғандай, Чавес Top Rank-тен кетуді ойлап, бокс саласындағы беделді менеджерлердің бірінен саналатын Эл Хеймонмен келіссөз жүргізіп жатқандығы жөнінде ақпарат тараған болатын.  

Осылайша бокс жанкүйерлері көптен бері күткен жекпе-жек промоутерлердің «ойыны» мен Чавестің қойған өз шарттары салдарынан өтпейтін болды.

Бүгін бұл хабарды қазақстандық боксшының промоутері Том Леффлер де растады. Оның сөзінше, қазір команда Генаға жақын арада лайықты қарсылас табу үшін HBO телеарнасымен келіссөздер жүргізуде екен. Қалай болғанда да, Головкин өзінің кезекті жекпе-жегін 19 шілде күні өткізеді деп жоспарланып отыр. 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: allboxing.ru