«Арландар» алғашқы кездесуде жеңіске жетті

О Сансызбай Корреспондент
«Арландар» алғашқы кездесуде жеңіске жетті

Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) төртінші маусымы аясындағы жартылай финалдық кезеңнің алғашқы кездесуінде «Арландар» «Баку оттарын» жеңді. Астана қаласында өткен жекпе-жектер 3:2 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді.

БӨЛІСУ

Алғаш болып шаршы алаңға көтерілген 49 келідегі Теміртас Жүсіпов қарсыласы Хамза Наметовты алғашқы екінші раундта толықтай састырды. Соңғы раунд ғана жерлесімізге ауырлау соқты. Десе де қайсарлығын танытқан боксшы «Арландарды» алға шығарды.

56 келідегі жекпе-жекте әзірбайжандық команда намысын қорғаған боксшының мерейі үстем болды. Гаирбек Гермахановқа қарсы Мәди Шолақов та жақсы жұдырықтасты. Тек төрешілер қарсыластың соққылары көбірек дарығанын есептеп шығарды.

Үшінші болып жұдырықтасқан Асхат Уәлиханов пен Гайбатулла Гаджиалиев жұбында да қонақтар алға шықты. Төрешілер шешімі бойынша әзірбайжандық клуб осы кездесуден кейін алға шықты.

75 келіде шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмейтін «Арландар» легионері Сергей Деревянченко бұл жолы да жеңісті жолын жалғады. Солтан Мигитиновпен жұдырықтасқан Сергей үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, есепті теңестірді.

Алғашқы кездесудің шешуші жекпе-жегінде Василий Левит Абдулкадыр Абдуллаевты сенімді түрде жеңді. Осылайша «Арландар» Астанада 3:2 есебімен жеңіске жетті. Алайда бұл есеп қазақстандық команданы толықтай финалға алып шығуына кепілдік бермейді.

Қарымта кездесу 3 мамыр күні Әзірбайжанның Губа қаласында өтеді. Өткен маусымның чемпиондық атағын қорғайтын жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz