Головкин - Чавес кездесуі 12 шілдеде өтуі мүмкін

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Головкин - Чавес кездесуі 12 шілдеде өтуі мүмкін

Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий (GGG) Головкин мен мексикалық танымал боксшы Хулио Сесар Чавес кіші арасындағы кездесу 12 шілде күні Лос-Анджелесте кездесуі мүмкін. 

БӨЛІСУ

Бұл жөнінде екінші орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлемнің экс-чемпионы Чавеске аталған жекпе-жекті 12 шілдеде өткізу жөнінде ұсыныс тастаған промоутер Боб Арум хабарлады. 

«Мен Чавес кішімен жақында сөйлесіп, оған Головкинмен жұдырықтасуға ұсыныс тастадым. Бұл кездесу орын алып жатса, оны 12 шілдеде Лос-Анджелесте өткізуді жоспарлап отырмыз»,-деп жазады Арумның сөзіне сілтеме жасаған BoxingScene.

Басылым хабарлағандай, Чавес кіші суперорта салмақта бокстасатын болғандықтан, ұйымдастырушылар Головкинге 168 фунттық салмақ дәрежесіне көтерілуді ұсынбақ. Қазақстандықтан бөлек, Чавес кішіге қарсылас атануы мүмкін боксшылар арасында Жан Паскаль да бар екенін айта кетейік.  

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін де Головкин мен Чавес кездесуі 12 шілдеде өтуі мүмкін деп хабарланған еді. Алайда кейін Боб Арум Чавес кіші жаз айында Головкинге қарсы кездеспейтінін айтқан болатын. Промоутердің сөзінше, олар Головкиннің кандидатурасынан қазақстандық 26 сәуірге жоспарлаған кездесуіне қатыса алмағаны үшін бас тартатынын айтты.

Егер қос тарап ортақ мәмілеге келіп жатса, жазға жоспарланған кездесу HBO телеарнасының PPV форматында (АҚШ көрермендері үшін ақылы көрсетілім) ұсынылуы ғажап емес.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: mmaboxing.ru