Гус Хиддинк Голландия құрамасын жаттықтыратын болды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Гус Хиддинк Голландия құрамасын жаттықтыратын болды

Голландиялық бапкер Гус Хиддинк футболдан отандық құрама командасының тізгінін ұстайтынын растады. Voetbalprimeur.nl сайты хабарлағандай, ол Голландия футболшыларын биылғы жылы Бразилияда өтетін футболдан әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін жаттықтыратын болды.

БӨЛІСУ

Айта кетейік, Хиддинк «қызғалдақты елдің» командасын 2016 жылғы Еуропа чемпионаты аяқталғанға дейін баптайтын болып келісілді. Ал одан кейін ол Голландия футбол федерациясында лауазымды қызметтердің біріне тағайындалады деп жоспарланып отыр.  

«Қазір мен бапкерлік штабымды қайта жасақтау үстіндемін. Бұл бір күнде бітетін шаруа емес. Сондықтан маған біраз уақыт керек екені анық»,-дейді Хиддинк сөзіне сілтеме жасаған Voetbalprimeur.nl порталы.

Қазірдің өзінде Хиддинктің көмекшілері ретінде Голландия футболының аты аңызға айналған тұлғалары Руд ван Нистелрой, Яп Стам, Данни Блинд және Джованни ван Бронкхорсттардың есімдері аталып отыр.  

Естеріңізге сала кетсек, қазіргі кезде Нидерланды құрама командасының бас бапкері қызметін Луи ван Гал атқарып жүр. Бұл маман команданы биы өтетін әлем чемпионатына ертіп апаратын болады. Ал Хиддинк болса ресейлік «Анжиді» жаттықтырғаннан кейін, Оңтүстік Корея және голландиялық ПСВ ұжымдарына кеңесші қызметін атқарып келді.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: ria.ru