Абель Санчес: "Генаның абсолютті чемпион болғанын қалаймын"

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Абель Санчес: "Генаның абсолютті чемпион болғанын қалаймын"

Орта салмақтағы WBA/IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес қазіргі кезде өз шәкіртінің тағы да салмақ қосып, жоғары дивизионға шығуына себеп көріп отырған жоқ.

БӨЛІСУ

Оның сөзінше, одан бұрын олар орта салмақтағы (72,574 келіге дейін) барлық чемпиондардың атақтарын тартып алуды көздеп отыр. Алайда егер чемпиондық белбеулердің иелері қазіргідей Головкинмен кездесуден бас тарта беретін болса, онда Гена лажсыз суперорта салмаққа көшетін болады.

«Егер шешімді мен қабылдар болсам, онда мен орта салмақтағы барлық чемпиондардың мүмкіндіктерінің сарқылғанын көргім келеді. WBO чемпионы Пиетр Куиллин Генадан қашып жүргені ешкімге жасырын емес. Егер ол тағы да Головкинмен шыққысы келмейтінін айтса, біз оны тізімнен мүлдем сызып тастаймыз. Ал WBC чемпионы аргентиналық Серхио Мартинес те келіспесе, онда бізге қарсы шығатын тек IBF чемпионы Феликс Штурм ғана қалады",-деп жазады Санчес сөзіне сілтеме жасаған gorodokboxing.com.

«Алайда біздің орта салмақта алатын асуымыз алда деп білемін. Сондықтан да бізге тек күтуден басқа амал жоқ. Бірінші кезекте мен оның абсолютті чемпион болғанын, сосын барып қана басқа салмаққа көшкенін қалаймын»,-дейді Генаның жаттықтырушысы.

Геннадий Головкин өзінің ендігі 30-шы саналатын жекпе-жегін 26 сәуір күні Нью-Йоркте өткізеді. Генаның қарсыласы ретінде әзірге WBC белбеуіне бұрынғы үміткер британиялық Энди Лидің (31-2, 22 КО) аты аталуда.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: sports.kz