Кәсіпқой бокста тағы бір қайғылы оқиға орын алды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Кәсіпқой бокста тағы бір қайғылы оқиға орын алды

Жақында мексикалық кәсіпқой боксшы Оскар Гонсалес соңғы өткізген жекпе-жегінде орын алған нокауттан кейін ауруханаға ес-түссіз күйде түскен еді. Өкінішке орай дәрігерлердің қолдан демалдырып, аппарат көмегімен ми жұмысын қалпына келтіреміз деген ұмтылысы ешқандай нәтиже бермей, боксшы сол күйі ауруханада жан тапсырды. Бұл жөнінде ESPN спорт порталы хабарлайды.

БӨЛІСУ

Гонсалес өткен сенбі күні Хесус Галисиамен болған кездесуде ауыр жарақат алған қалған болатын. Ол оныншы раунд кезінде қарсыласы жұмсаған соққының салдарынан есінен танып, ауруханаға «миына қан құйылды» деген диагнозбен түскен еді.    

Кейін Гонсалестің әйелі боксшының миы толық жұмыс жасамай тұрғанын, алайда оның кейбір бөліктерінде жан бар екендігін айтып, мәлімдеме жасады. Бірақ арада 36 сағат өткеннен кейін дәрігерлер оның миы еш жауап бермегендіктен, сондай-ақ ол осы аралықта жүрек талмасына да шалдыққандығы және денесі дәрілік препараттарды қабылдамағандығы себепті боксшыны жасанды тыныс алу аппараттарынан ажыратуға мәжбүр болған. Кәсіпқой боксшы небары 23 жаста болатын.

Кейін белгілі болғандай, Гонсалес қайғылы оқиға орын аларға дейін әйеліне «егер мен бір кездері осындай жағдайға тап болатын болсам, өмірімді жасанды жолмен қалпына келтіруге тырысудың қажеті жоқ» деген аманатын қалдырып кеткен екен. Ал кездесуге жауапты болған Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) марқұм боксшының жанұясына 50 мың доллар көлемінде сақтандыру қаржысын төлейтін болды.  

Оскар Гонсалес кәсіби рингте 23 рет жеңіске жетіп (14 нокаут) және 3 рет жеңіліске ұшыраған. Соңғы кездесуі оның мансабындағы уақытынан бұрын аяқталған алғашқы жеңілісі болатын.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: vesti.kz